Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі Қазақстанның барлық азаматы арасында үлестіріледі. Қаражат балалардың арнайы жинақтау шотына түседі. Заңға тиісті түзетулер Мәжілісте қабылданып, Сенатқа жолданды.
Ақша балалар 18 жасқа толғанға дейін жыл сайын аударылады. Бұл қаражатқа тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға болады. Баспана сатып алуға немесе жақсартуға тек Қазақстан аумағында ғана жол беріледі, ал оқу ақысын шетелдік оқу орнында да төлеуге рұқсат етіледі.
Жинақтау және төлеу тетігі 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады. Әрбір баланың шотына оның бағдарламаға қатысқан тиісті жылы үшін елде туғаннан немесе ел азаматтығын алғаннан бастап және 18 жасқа толғанға дейін тең сома есептеледі. Осы уақытқа дейін қаражат Ұлттық қорда болады және ҚР Ұлттық банкі қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады,
делінген ҚР Парламент Мәжілісінің хабарламасында.
Айтпақшы, жинақтарды кәмелетке толғаннан кейін ғана пайдалануға болады, бірақ азаматтығын өзгерту немесе басқа ел азаматтығын алу жағдайында балалар мұндай мүмкіндіктен айырылады. Төленген қаражат үшін алушы салық төлемейді.