Отандық банктерде қолма-қол ақша жиналып қалды.
2022 жылғы наурызда мемлекет басшысының елден 10 мың АҚШ долларынан көп шетел валютасын шығаруды шектеу туралы жарлығы шықты. Бұл шара қолма-қол шетел валютасына алыпсатарлардың сұраныс қысымын азайтуға және елден шетел валютасын шығару қаупін жоюға мүмкіндік берді. Ішкі қаржы жүйесі тұрақты жұмыс істеуі үшін көрші елдерде де осыған ұқсас шаралар қабылданды.
Бұл ретте Қазақстанның РФ-пен сауда байланысы тығыз болғандықтан, елден шетел валютасын шығаруға шектеу қойылғандықтан, Қазақстан банктерінде қолма-қол рубль жиналып қалды. Бұған шекара саудасының айтарлықтай үлкен көлемі және ЕАЭО-ға мүше елдер азаматтарының турист ретінде және одақ ішінде басқа мақсаттар үшін еркін жүріп-тұруы сияқты факторлар қатты әсер етті,
деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Ұлттық банк үкіметпен бірігіп жиналған рубльдерге қатысты мәселені шешу үшін жарлыққа өзгерістер енгізді. Ол бойынша, екінші деңгейлі банктерге қолма-қол рубльді шетелге бір рет шығару мүмкіндігі берілді. Солайша, үкімет қаулысы жобасы бойынша ереже күшіне енген күннен бастап 2022 жылғы 31 тамызға дейін қолма-қол Ресей рублін шығаруға рұқсат беру жоспарланып отыр. 2022 жылғы 1 шілде бойынша кассада жиналған көлем шегінде рұқсат етіледі.
Рубльді сыртқа бір рет шығару аралық шара екенін, оның Қазақстан банктерінде рубльдің жиналып қалу проблемасын шешпейтінін түсінеміз. Банктердің қолма-қол рубльді шығаруына тыйым салуды толығымен алып тастау мәселесін қарастыру сауда ағындарына талдау жүргізіліп, жағдай тұрақталған кезде ғана мүмкін болатын нәрсе,
деді Әлия Молдабекова.