Ranking.kz компаниясы елдегі әкімдердің жасы мен лауазымды атқару мерзімі бойынша зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, биылғы 21 шілдедегі жағдай бойынша ел өңірлері әкімдерінің орташа жасы 52,2 жасты құрады.
Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов әкімдердің арасындағы ең үлкені — қазір ол 68,1 жаста. Одан кейін жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев (59,6 жас) және Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин (58,7 жас).
Ең жас өңірлік әкім Мұрат Әйтенов (40,7 жаста) республикалық маңызы бар Шымкент қаласын басқарады. Сондай-ақ, жастар арасында Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов (43 жаста) және елорда әкімі Алтай Көлгінов (44,5 жаста) бар.
Еліміздің ең жас әкімі Мұрат Әйтенов бұл міндетке 38 жасында кірісті, оның өңір басшысы болып қызмет ету мерзімі 2,5 жылды құрайды.
Шығыс Қазақстан облысын басқаратын Даниал Ахметов 7,7 жыл қызмет атқарып келеді (ең ұзақ мерзім). Облыс әкімі лауазымын 60 жасында бастады.
Жаңа құрылған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиевте әзірше әкім лауазымындағы ең қысқа мерзім: бар болғаны 20 күн, ағымдағы жылдың 11 шілдесінен бастап.