Мектеп оқушыларының демалысын 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығына белгілеу ұсынылды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Күні кеше Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын екі аптаға ұзарту туралы жобасын ұсынған еді.
Әйтеуір бір шешімі табылды
Ал бүгін 21 шілдеде министрлік балалардың жазғы демалысын 5 күнге қысқартуды қарастырып жатқанын айтты. Бұған дейін мамандар министрлікке оқу жылын маусымның соңына дейін ұзартып, оқу жылын 20 тамыздан бастау мүмкіндігін қарастыруды ұсыныпты. Олар Қазақстанның әлемдегі ең ұзақ демалысы бар елдердің біріне кіретінін (130 күн), ал көптеген елдерде демалыс мерзімі 80-ден 100 күнге дейін созылатынын айтқан. Сонымен қатар, 5 күндік оқу аптасына көшкен кезде оқу күндерінің саны бірден 34 күнге қысқарды.
Осылайша, орта есеппен алғанда, біздің еліміздегі оқу күндерінің жалпы саны шамамен 150 күн болса, дамыған елдерде бұл шамамен 200 күн. Сондай-ақ, мамандар қосымша оқу апталарының қосылуы күнделікті сабақтың санын, яғни мұғалімнің де, оқушының да күнделікті оқу жүктемесін азайтатынын атап өтті.
Ал, демалысты қысқарту арқылы алты күндік көптеген мектеп жаңа талапқа сай бес күндік оқу аптасына ауыса алады. Бұл педагогтер жұмысының тиімділігін арттырып, оқушылардың материалды меңгеруіне ықпал етеді. Бұл шешімдер күрделі тақырыптарды оқудың қарқынын төмендетеді, оқылған материалды қайталауға және бекітуге уақыт береді.
Бұл ретте өзгерістер жазғы демалысқа әсер етпейтінін түсіну маңызды. Яғни балалар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады,
дейді министрлік.
Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, оқу жылын ұзартуды қолдаушылардың көбі төртінші тоқсанды 20-25 маусымға дейін ұзартып, оқу жылын 20 тамызда бастауды ұсынып отыр. Ғалымдар, психологтар, ата-аналар мен педагогтерден құралған жұмыс тобы баламалы ұнысыныс айтқан:
Оқу жылының басталу мерзімін өзгертпей, оны бұрынғыдай 1 қыркүйекте қалдыру, ал оқу жылының аяқталу мерзімін 31 мамырға белгілеу. Осылайша, каникулға шығудың айырмашылығы небәрі 5 күн болады.
Ал жаз басталғанда, яғни 1 маусымнан бастап балалар демалысқа шыға алады. Осылайша, жаз бойы, яғни 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында балалар каникулда болады.
Гүлмира Кәрімова білім жүйесіндегі сапа тек оқу күндерінің артуы арқасында ғана емес, жалпы оқу жүктемесін азайту, оқу бағдарламаларын жетілдіру, мамандардың біліктілігін арттыру және т.б. жолдар арқылы жақсартылады. Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап мектептерде апталық оқу жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Одан бөлек,
оқу жылының ұзақтығын созу оқушыларға қосымша білімге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді, өйткені сабақ аз болады, мектептердің кабинет қорына түсетін жүктеме де азаяды.
Қайдан шыққан әңгіме?
Мектеп оқушыларының 3 айлық жазғы каникулын қысқарту жайлы бастаманы алғаш болып кәсіпкер Айдын Рахымбаев 2022 жылдың басында көтерген еді. Бизнесменнің айтуынша, ұзақ каникул мемлекеттің білім беру жүйесіне теріс әсер етіп жатыр. Мысалы, Қытай мен Кореяда оқу жылы 42 апта, Сингапурде 39 апта болса, Қазақстанда әлі күнге дейін Кеңес одағындағы білім жүйесі сақталған, яғни 34 апта ғана жалғасады. Осыған сай, корей оқушылары 70 күн демалса, біздің балалар 130 күн ештеңемен ісі жоқ, көбіне гаджеттерге телміріп уақыт өткізеді.
Сондықтан, кәсіпкер Білім министрлігіне оқу жылын кем дегенде 38 аптаға ұзарту тұралы ұсыныс білдірген. Білім министрлігі оны қолдап, кәсіпкердің өзіне тиесілі «Binom school» деп аталатын мектептерде биылдан бастап сынақтан өткізуге мүмкіндік берді. Ал премьер-министр кәсіпкердің пилоттық жобасы оң нәтиже берсе, онда бұл жүйені мемлекеттік мектептерге де енгізуді тапсырған.
Демалысты қысқартуға қарсылық
Алайда кәсіпкердің бұл ұсынысы БАҚ пен әлеуметтік желілерде даулы талқылауларға себеп болды. Педагогтер де, ата-аналар да оқушылардың каникулдарының қысқаруына қарсылық білдірді. Сондай-ақ неге құрылысшы білім саласына араласып жатыр деген наразылықтар болды. Соның бәріне Айдын Рахымбаев пост арнап, қайта жауап беруіне тура келді.
Рахымбаевтың айтуынша, көпшілік назарын маңызды дүниелерге аудармай, тек каникулдың қысқарғанына аударған.
«Қазірде қазақстандық оқушылар басқа озық мемлекеттің оқушыларына қарағанда әлдеқайда көп пән оқиды. Мысалы, Финляндия мектептерінде 17 пән болса, Сингапурде — 15, тіпті Ресейде 17 пән, ал Қазақстанда 23 пән бар. Сәйкесінше, күнделікті оқитын сабақтар саны көп, соны қысқарту керек»,
дейді Рахымбаев.
Ал оқу жылы бар-жоғы 34 апта болғандықтан, оқушыға жүктеме артады, материалды меңгеруге уақыт аз. Оқу жылын ұзарту арқылы осы жүктемені бәсеңдетіп, материалды меңгеруге уақытты ұзартқан дұрыс.
«Әлемдегі дамыған Финляндия, Оңтүстік Корея секілді елдер ең алдымен білім саласын дамытудың арқасында өркендеді. Олардың экономикалық жетістігі — жақсы білім беру жүйесінің салдары.
Қазір жастар басқаша, заман талабына сай өзгерген, бірақ кеңестік білім беру жүйесі әлі өзгере алмауда. Біз балаларымыздың білім деңгейінің шетелдік құрдастарынан төмен болмауына мектеп қабырғасынан бастап көмектесуіміз қажет»,
деді Рахымбаев.
Бұл бір жақсы идея екен…
Кәсіпкердің ұсынысынан кейін жарты жыл өткен соң 2022-2023 жылдарға арналған білім беру процесін талқылауға арналған дөңгелек үстелде сарапшылар мен кейбір мектеп өкілдері Қазақстандағы оқу жылын маусымның соңына дейін ұзартуды қарастыру керегін ұсынды.
Мамандардың сөзінше, қосымша оқу аптасын қосу күніне өтетін сабақ санын азайтуға, яғни оқушының күнделікті оқу жүктемесін азайтады. Одан бөлек, оқу жылын ұзарту күрделі тақырыптарды зерттеудің қарқындылығын төмендетеді. Сондай-ақ, жазғы демалыс ұзақтығын қысқарту білім алушылардың білімін жоғалту тәуекелін және мектеп аудиториялық қорына жүктемені төмендетеді.
Дөңгелек үстелге қатысқан Binom School басқарушы директоры Арайлым Мағзұмова басшысының сөзін қостады: біз оқу жылындағы аптасы ең аз елміз — 34 оқу апта. Сондықтан қазақстандық мектептердегі оқу жылын 38 аптаға созуды ұсындық — оқу жылын 15 тамыздан бастап 5 маусымда аяқтау. Немесе бұрынғыдай қыркүйектен бастап, 20 маусымға дейін созу.
«Әділет» орта және мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының төрайымы Динара Құдайқұлова өз сөзінде оқу жылын ұзарту үшін оңтайлы деп санайтын мерзімдерді атап өтті.
«Мен 20-25 тамыздан оқушылар оқуға шыға бергені дұрыс деп есептеймін, расында балалар екі аптадай оқу процесіне қосыла алмай жүреді. Біз 20-25 тамыздан бастап, 5 маусымға дейін оқуды ұсынамыз»,
деді Динара Құдайқұлова.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі сарапшылар қоғамдастығының ұсынысы талқыланып жатқанын хабарлаған болатын.
«Сарапшылар оқу жылын ұзартуды ұсынып жүргенін білеміз. Айта кетейік, мұндай ұсыныстар сарапшылардан бірнеше жылдан бері түсіп жүр. Оның ішінде, оқу жылын маусымның соңына дейін ұзарту және тамыздан бастау ұсынылды. Олар халықаралық тәжірибеге сүйеніп, түрлі дәлел келтіреді. Бірақ бұл жағдайда нақты бір азаматтардың ұсынысын емес, ғылыми мәліметтерге де сүйену керек»,
деген еді ведомство өкілдері.