Categories: Саясат

Қазақстанды «сөздің адамдары» құртты

«Қоғамды гуманитарилерден тазалау керек. Сөйлеп болдық. Істің заманы келді. Ақын-жазушылар елді тоздырып бітті. Енді бізге технарлар, айтишниктер, физиктер мен математиктер керек. Жаңа Қазақстан соларға жол ашсын», деп жазады Сәкен Нұрқабекұлы.

Балаларды физика мен математикаға, Айтиге беріңдер!

«Сөздің адамдары» елді бейшара күйге жеткізді. Енді бізге «істің адамы» керек» деген сыңайда пікірлер көп айтылып жатыр. Кейбір университеттердің осындай стереотипті желеу етіп, тек техникалық мамандықтарға басымдық беріп, гуманитарлы пәндерді тоздырып жібергенін көріп отырмыз.

Бір қарағанда дұрыс пікір боп көрінгенімен, бұл өзі алдамшы құбылыс, әрі қауіпті көзқарас. Біріншіден бұл «сөздің адамы» дегенді гуманитарий, «істің адамы» дегенді технарь деп қарастырып, физика оқымағанның бәрін надан деп қарастыратын ақымақ көзқарасқа апарады.

Тәуелсіздіктен бері елде 12 премьер ауысты. Солардың екі-үшеуі ғана гуманитарий. Қай үкіметтің болса да кабинет құрамы негізінен Жәутіков түлектері мен МГУ-ды физика-математика, экономика бойынша бітіргендер. Елді тонаудың өзге жұртта жоқ үлгілерін ойлап табуға да асқан интеллект керек екен. Неше түрлі айламен ақша сындырып, оны бірнеше офшор арқылы сыртқа шығаруға сіз жек көріп жүрген ақын-жазушыңыздың ақылы жетпейді. Бірақ осыған қарап біз адам физиканы оқығаннан бұзылады екен деген қорытынды жасамаймыз ғой.

Иә, елдің осылай азып-тозып кетуіне ақын-жазушылар да бір адамдай үлес қосты. Марапатқа мәз болып, алдына тасталған сүйек-саяққа алданып, бір адамды мақтап-пәктеуден қолы босамады. Бірақ бұл оның мамандығынан емес, надандығынан.

Яғни қоғамды енді гуманитар мен технарға бөліп, дауластырудың қажеті жоқ. Бізге бәрі керек. Мемлекет философиясыз, филологиясыз, мәдениеттанусыз, өнерсіз бола алмайды. Болмыстың көзі бітеліп, адам жоғалған жерде біздегідей ақын-жазушың мыжыма, философың бөспе, экономисің алаяқ, физигің безбүйрек боп шығады. Біз әлемнен техникалық бағытта ғана артта қалып қойған жоқпыз, барлық салада көш соңындамыз.

«Бізге барлық салада маман керек. Бастысы білікті маман болса болғаны» деген пафос пікірмен қоя салуға да болар еді. Бірақ бұл да үстірт көзқарас. Бұл мәселеге экзистенциалист философтар әдемі жауап береді.

«Адам алдымен маман емес, адам боп қалыптасуы керек. Адам болса да, маман бола алмаса әйтеуір бір жерде ілініп-салынып жүрер. Бірақ адамдығы жоғалып, мамандығы ғана дамыса ондай адамнан қоғамға пайда жоқ, орасан зияны бар», дейді.

Сондықтан балаңызды гуманитар болма технарь бол деп емес, алдымен адам болуға тәрбиелеңіз. Ал мамандығын бейіміне қарай көрерсіз. Болмаса өзі таңдасын.

Әлемді интеллект қана дамытады

Экзистенциалистер «бәленің бәрі ішінде адамы жоқ маманнан шығады» деп есептейді. Бірінші дүниежүзілік соғысты да, екінші дүниежүзілік соғысты да сондай «мамандар» жасаған. Екеуі де интеллектіге қатты сеніп қалудан болды. ХХ ғасыр «есеп-қисапқа жүйрік болсақ, ғылымның тізгінін бос қойып, ақылдың отына май құя берсек жер бетінде жәннат орнатамыз» деген оймен басталды. «Бізді надандықтан ғылым ғана құтқарады. Әлемді интеллект қана дамытады. Ғылым – философияны, мәдениетті, өнерді, керек десең дінді де алмастыра алады», деп ұрандатты. Оның соңы концлагермен аяқталды.

Яғни, таяқтың бір ұшында сциентизм екінші жағында обскурантизм тұр. Бір топ ғылымға, ақылға табынады. Екінші топ ақылдан безеді, ғылымнан қашады. Екеуі де қауіпті құбылыс. Алғашқысының нәтижесінде адам жоғалады, қоғамды безбүйректер басып қалады. Екіншілері надандыққа немесе діни фанатизмге әкеледі. Экзистенциализм бұл екі түсінікті де сынға алады. «Ғылымға бәрін шешіп беретін құдырет ретінде қарауды доғар» дейді. Адамда ақыл ғана емес, сезім, сенім деген дүниелер болады. Солардың бәрі бірдей жұмыс жасағанда ғана парасатты пайым шығады.

Қысқасы, елдегі адам сапасының құлдырауы гуманитарилердің көптігінен емес, керісінше солардың сапасының түсіп кетуінен болып жатыр,

дейді ол.
Айдын Қайнарұлы

Recent Posts

Алматыдағы мәйітхана күзетшісінің сұмдық тірлігі

Ол қайтыс болған адаммен жыныстық қатынас жасады деген күдікке ілінді. Алматы қалалық Полиция департаменті аталған…

4 часа ago

Автобус жүргізушісін ұрғаны 3 адамның өліміне әкелген жігіт сотталды

Дархан Ахметжанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Дархан Ахметжанов қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының…

3 дня ago

«Қуандық қажы екен». Бишімбаев бес рет қажылыққа барған

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман әлеуметтік желіде көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап…

3 дня ago

«Имам садақаға түскен ақшаға Lexus алған» дейді

ҚМДБ мәлімдеме жасады. Әлеуметтік желі қолданушысы Оразбек Садықов тараздық имамның садақаға түскен қаражатқа қымбат көлік сатып алғанын…

3 дня ago

Алматыдағы автобус апаты: Сотталушы соңғы сөзін айтты

Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот жарыссөзінде Д.Ахмеджанов соңғы…

3 дня ago

Алматы әуежайында Air Astana ұшқышы есірткімен ұсталды

23 сәуір күні Алматы халықаралық әуежайында полиция қызметкерлері Air Astana әуе компаниясының екінші ұшқышы Қазыбек…

4 дня ago