Елімізде Республика күні ресми түрде тойланатын болды. Соған орай, қазақстандықтар қазан айында бір күн демалады. Ал желтоқсанда, керісінше, бір күндік демалыс күні алынып тасталды.
Бұл туралы Tengrinews.kz порталы жазды.
25 қазанда ұлттық мереке – Республика күнін тойлаймыз. Биыл бұл күн сейсенбіге түсіп тұр. Мереке күндері жұмыс уақытын ұтымды пайдалану үшін демалыс күні 22 қазан сенбіден 24 қазан дүйсенбіге ауыстырылды.
Осылайша, 22 қазан, сенбі жұмыс күні болып, Республика күні қазақстандықтар үш күн қатарынан демалады: 23, 24 және 25 қазан.
Желтоқсанда қазақстандықтарды тағы бір өзгеріс күтіп тұр.
Біріншіден, 1 желтоқсан Тұңғыш президент күні демалыс болмайды. Ол мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды. Енді ол Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні сияқты атаулы даталарға және әлеуметтік мәні жоғары әлеуеті бар басқа да даталарға ұқсас болып қалады.
Биыл 1 желтоқсан бейсенбіге түсіп тұр. Бұл — толық жұмыс күні.
Екіншіден, биыл Тәуелсіздік күніндегі демалыс күндері қысқарды. Енді мереке тек бір күн – 16 желтоқсанда ғана тойланады. Ал 17 желтоқсан жұмыс күні болады.
Биыл 17 желтоқсан сенбіге түсіп тұр. Аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар бұл күні демалады.