Бүкіл Ресей халқы өкінді. Бүкіл Қазақстан да өкінді. Халықтың жазған комменттеріне қарасақ. «Неге тоқтап, кері қайттың? Мәскеуге кіруің керек еді», деп.
Ресейде билікті Пригожин алған соң не боларын ешкім білмейді, бірақ жұрттың бәрі қазіргі Ресей билігінің біткенін, құрығанын күтті. Ресей билігіне онсыз да аз қалды.
Пригожин Ростовқа кірмей тұрып жазған бір видеосында Ресей бастаған соғыстың Ресей үшін ешқандай мәні жоқ екенін айтып тастады. Бұл соғыс Путинге билігін созу үшін, Шойгуға маршал атағын алу үшін, олигархтарға Украинаны тонау үшін ғана керек болған деді. НАТО ешқандай да қауіп төндірмеген деді. Ал НАТО-мен қорқыту Ресей билігінің негізгі көзірі еді, дейді саясаткер Айдар Әлібаев ZonaKZ интернет-газетінде.
Пригожин Мәскеуге таяғанда Путиннің өзі бастап, Ресей билігі мен олигархтар отырған жерін тастап қашып кетті. Мұны бәрі көрді. Өз пайымын жасады. Пригожиннің сол тірлігімен пъесаның бірінші акті аяқталды. Көп ұзамай екінші акті болады. Өйткені Путиннің билігі тым әлсіз екені білініп қалды. Украина жеңіп жатқан сайын Путинді ығыстыратын күштер билікті тартып алуға ыңғайлана береді. Пригожин де әлі соңғы сөзін айтқан жоқ.
Ресей мен Қазақстандағы биліктің құрылымы ұқсас. Екеуі ұқсас фигура, тек Қазақстан он есе кішкентай. Билігіміз күшті вертикальдан тұрады. Күштіқ құрылымдарымыз үлкен. Қазақстан да, Ресей де полицейлер мемлекеті. Ресейде де, бізде де күштік құрылымдар билікті халықтан қорғауға арналған. Бірақ Қазақстанда қаңтар көрсеткендей, Ресейде Ростов көрсеткендей, күштік құрылымдар сын сағатта қара басын ойлап, билікті сатып кетеді. Армияны алсақ, онда да уставымыз, тактика мен стратегиямыз Ресейдікімен бірдей. Жемқорлыққа бірдей батқанбыз. Егер бізде де чвк сықылды бірдеңе болғанда, Астананы бір күнде басып алар еді. Ал халық бүлікшілерді қолдап шыға келер еді, Ростов халқы сияқты.
Адам құқығы мен еркіндігін шектеу жағынан біз әзірге ресейдегідей терең маразмға әлі жеткен жоқпыз, Құдайға шүкір. Бірақ біз сол жолмен келе жатырмыз. Еркіндікті шектеп, тыйымдарды көбейтіп жатырмыз. Оның соңы неге әкелетінін Ресей көрсетіп тұрғанына қарамастан. Біз Қазақстандағы жаңа саяси маусымнан ешбір жақсылық күтпейтін болдық. Тек осы бір созылып кеткен дәуір қашан аяқталар екен деп күтіп отырмыз,
деген екен сарапшы.