Қазақ қоғамындағы тіршіліктің 95% той тойлаудан тұрады. Кредитке той жасайды. Қазақтың өмірінің 95 пайыз қарыз, кредит, кепілге байланған. Қоғамның дені, басым бөлігі ауру, депрессия, стресс. Осының бәрі кредит, қарыздан болып тұр. Сонда да мақтан үшін той жасайды. Дарақылық үшін той жасайды.
Қазіргі тойларда отырсаң, қашан біткенше қашып шығып кеткің келеді. Бос мақтан, бос секіру, бос кеңістік. Бояуы жоқ. Бірін бірі өтірік мақтау. Тойда отырып, бар адам, жоқ адамға бөлініп отырады. Тойда да қызметі бар, еліне көк тиын пайдасы жоқ жемқорларын дәріптейді. Бұл сондай ұлт.
Менің бір туыстарым таңнан кешке дейін жұмыс істеп, тапқанының бәрін тойға тасып жүр. Не денсаулыққа қарамайды, не өзінің дұрыс өміріне жағдай жасамайды. Күнін әрең көріп, денсаулығынан айырылып қалса да той тойлаудан шаршамайды. Обалы жоқ адамдар. Біздің ұлттың басты миссиясы той өткізу сияқты.
Қазақтың тойға шашқан ақшасы әлемнің өркениетті елдерінің білім мен ғылымға жұмсаған қаражатынан әлдеқайда асып түседі. Қазаққа қауіп келсе, қорғана алмайды. 100% белгілі дүние. Сырттағы жаудан емес, өз билігінен де қорғана алмайды. Қазақ тек той тойлайды.
Қазір қазақта тілашар той, жолашар той, көташар той, жүз күндік той, ит күндік той, шошқа күндік той дегендер де шығыпты.
Қазақ даму жолына түссе, біраз дүниеден тыйылу керек. Әйтпесе, баяғы жартас сол жартас.
Қазіргі той қазақтың қазынасы емес, қазақтың соры. Қоғам жұмылып, не білімге,не ынтымаққа келмейді. Бір жағдай туса, соры қалың ұлтпыз ғой деп шығады. Өз сорын өзі жасап отырған ұлт дәл осы қазақ ұлты.
Қазақтардың кредитін кешірмеу керек. Сенің той жасап, ішіп-тышқаның үшін алған кредитіңді мемлекет өтеуге міндетті емес. Кредитті ермекке алады ма дейтін шығарсыңдар, рас, амал жоқтан алатындар бар. Бірақ аса көп бөлігі мақтанға той жасау үшін алады. Көзбен көріп жатырмын.
Бекболат Қаржан