Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі оқырмандарына неге қазақша сөйлемейтінін түсіндірген видео тарады.
Менің кестем өте тығыз. Біздің отбасымыз негізінен орыс тілінде сөйлейді. Қазақшаға уақыт жоқ. Сәуірде мен 3 турнир ойнаймын, мамырға екеуі жоспарланған, сондықтан… Мұнда таңдау керек, шахмат немесе тілдерді үйрену. Бірақ мен тырысамын,
дейді 19 жастағы спортшы тікелей эфирде оқырмандарының сұрақтарына жауап бере отырып.
Сондай-ақ, Асаубаева бұған дейін қазақ тілінде неліктен сөйлемейтінін отбасында тек орыс тілінде сөйлейтінімен байланыстырған. Оны екі жасынан шешен ұлтынан өгей әкесі тәрбиелеген.

Спортшының бұл мәлімдемесін қазақ тілді оқырмандар сынға алды.
«Оған ата-анасы кінәлі. Қазақ екендерін ұмыта бастаған ғой, біздің ең осал жеріміз де осы! Түбін терең түйсінуге олардың өресі жетпейді! Мәселе сонда жатыр! Кеңес дәуірі өз дегенін істеп кетті! Соның ықпалынан шыға алмай жатырмыз. Санамызды әбден улап тастаған. Түзету сәл қиынға соғады ма деп қорқам!»
«Өзінің ана тіліне уақыт жоқ деген, орыс болып кеттім деген сөз. Ол орысша ойлайды, сол тілде сөйлейді, сол тілде ақпарат алады. Демек оның ішкі жан дүниесі бәрі орыс болып кеткен. Ол қызды енді қазақ қызы деуге келмейді».
«Жанжал, интригаға уақыт табылады бірақ…»
деп жазды Желі оқырмандары.

Блогер Аслан Қаженов Бибісара бір мысал ғана дейді, дәл солай ұлттық құрамадағы басқа қыздардың да қазақшасы оңып тұрған жоқ.
Жалпы қазақ шахматының қазақшасы өте нашар. Былтыр Астанадағы әлем чемпионатынан мемлекеттік тілде бір ауыз сұхбат ала алмай қайтқам. «Принципті түрде сөйлемейміз. Не істейсің?» — деп тұрып алды. Сосын биыл бармадым. Бәрібір сол әңгіме болатынын білемін,
деп күйінді ол.
Айтуынша, салада бір-екі ұлтжанды азамат бар. Бірақ, олардың өзін біресе Конституциямен, біресе КНБ-мен қорқытады.
Кейде игнор жасайды, кейде, керісінше, соларға жабылып жатады. Соған қарамастан тіл үшін әлі күресіп жүр. Ең бастысы – отандық шахматтың ішінде осындай қозғалыс бар. Қалғаны уақытпен реттелуі керек,
дейді Қаженов.
Қаженовтың бір кездегі сынынан кейін шахмат федерациясының инстасы мен сайты қазақша жаза бастапты. Көпшілік қазақшаны талап ете бастаған көрінеді.
Енді, ұлттық құрамадағы қыздар, ананы-мынаны сылтаурата бермей, өз ана тілдеріңді меңгеруге кірісіңдер. 100 сөз жаттасаңдар, жетеді. Сұхбат беруге жетеді. Онсыз да жүздеген комбинацияны жаттап жүрсіздер. Оның қасында 100 сөз деген не?! Бәрібір соған келеміз. Сондықтан қазірден нете беріңіздер,
деп кеңес берді ол.
Еске сала кетсек, осы аптада ол шахматтан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атанған еді.