Азаттық Радиосы «Қанды Қаңтар құрбандары» атты кітап шығарды. Редакция оны 12 қаңтарда Алматыдағы Ramada қонақүйінде жұршылыққа таныстырады. Бұл туралы сайтың өзі хабарлады.
Редакцияның айтуынша, жинақта 2022 жылғы қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың оқиғалары топтастырылып жазылған, Азаттық тілшілерінің қаңтар кезінде және одан кейін түсірген суреттері жарияланған.
Қаңтарда оққа ұшқан әр мұңлықтың оқиғасы құйқа тамырыңды шымырлатады. Алматыда оқ қарша жауған көліктің ішінде болып, бас сүйегі шашылып қалған 4 жасар Айкөркем Мелдехан, дүкенге нан алуға анасымен шығып, снайпер оғынан жан тәсілім еткен Сұлтан Қылышбек, көлігі түгелдей өртеніп, сүйектерін балалары жинап алған ерлі-зайыпты желтоқсаншылар Гүлзипа Құлсұлтанова мен Қуат Біткенбаев, кәмелет жасына толмай оққа ұшқан тараздық Андрей Опушиев пен шымкенттік Абылай Ергеш… Зар еңіреген ана, азаматын жоқтаған әйел, жетім қалған бала…
деп жазылған кітап алғы сөзінде.
Айта кетейік, бұған дейін Азаттық Қаңтар құрбандарының тізімі жүйеленген арнайы микросайт әзірлеп, оны жұртқа таныстырған. Микросайтқа марқұмдардың деректері топтастырылған. Жоба әлі жалғасып, деректер толығып жатыр.