Қазақстанда шырылдап әділет іздеген адам амалы қалмаған кезде журналисттерге, көбіне Азаттық радиосы журналисттеріне хабарласады. Өйткені Азаттық радиосы қазір Қазақстандағы ең кәсіби әрі авторитар режимнен тәуелсіз ұжым.
Олар үшін тыйым салынған тақырып жоқ: Қаңтар қырғыны, Назарбаев пен Тоқаев әулетінің мал-мүлкі, мұнайшылар мен шахтерлердің митингі, коррупция, әділетсіз сайлау, саяси репрессия, зорлық-зомбылық және т.б. мәселелер туралы хабар таратады, жазады, зерттейді. Қаңтар құрбандарының барынша толық тізімін биліктен бұрын құқық қорғаушылармен бірге дайындап, жариялаған – Азаттық редакциясы. Жақында Ақорданың “террористтер мен бандиттер Көктөбені басып алмақшы болды” деген сөзін жоққа шығарған подполковник Ғазиз Сәдуақасовтың эксклюзив интервьюін шығарған да осы – Азаттық редакциясы.
Қазір Азаттықтың азаттығына қауіп төніп тұр. Тоқаев режимі Азаттық радиосының журналисттеріне аккредитация бермей, “ұлттық мүддені қорғау” деген желеумен тәуелсіз медиаға қысым жасауды заңдастырғысы келіп отыр. Ресейдің, Қырғызстанның, Түркіменстанның және өзге автократиялық елдердің жолымен жүрмекші. Азаттық жабылса, Қазақстанда онсыз да мүшкіл хәлдегі сөз және баспасөз бостандығы өледі. Артынша демократияға үміт те өшеді.
Қазір Ақорда азаматтар осы жаңалықты қалай қабылдайды екен деп бақылап отыр. Сондықтан олардың бұл жымысқы ойымен мүлдем келіспейтінімізді білдіруіміз керек. Әсіресе, мемлекеттік, квазимемлекеттік медиадағы, былтыр Азаттықтың Алматыдағы форумына қатысқан кісілерді, өзін журналист санайтын азаматтарды жоқ дегенде әлеуметтік желіде қарсылық білдіруге шақырамын. Азаттықтың баспасөз бостандығы, мемлекеттік медианың баспасөз бостандығы деген жоқ. Ол – бәріне ортақ. Не бар, не жоқ.
Азаттыққа жасалған қысым – бүкіл азаматтық қоғамға жасалған қысым. Үнсіз қалмайық. Ертең әділетсіздікке тап болғаныңызда, үніңізді қоғамға жеткізетін Азаттық та болмауы мүмкін.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің әлеуметтік желідегі жазбасы