Биыл шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазАвтоЖол» мен «Казахавтодорды» біріктіріп, біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырған еді. Енді екі компания бірікті. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі екі жол операторын біріктіру бойынша Үкімет қаулысының жобасын дайындады. Жобада «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Казахавтодор» ЖШС-дағы мемлекеттік үлесті сатып алу жолымен ұлттық компанияны Бірыңғай автожол операторы ретінде қайта құру қарастырылды.
Осы компаниялардың облыстық филиалдары әкімшілік-басқару персоналын қысқарту жолымен біріктірілді және қайталанатын функциялар қысқарды.
Осылайша, қазіргі таңда «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодор» компаниялары бірыңғай жол компаниясына біріктірілді. Қолға алынған шаралар республикалық маңызы бар жолдарды тәулік бойы күтіп ұстауды қамтамасыз етуде жедел әрі нақты шешім қабылдауға үлкен септігін тигізеді.
Еске салайық, бұған дейін президент «ҚазАвтоЖол» мен «Қазақавтожол» компанияларын біріктіруді тапсырған еді.