Егер сіз ажырасқан әйел болсаңыз, сіз қоғамның сорына айналады екенсіз.
«Еуразия» телеарнасының «Көреміз» бағдарламасында әлдеқандай журналист бүкіл елге осындай пікір білдіріпті.
Әлгі журналистің есімі – Меруерт Әйтенова.
Студияда болған басқа нәзік жандылар журналистің бұл сөзіне таң қалғаны сөзсіз. Тіпті ашуларына тиген көрінеді. Ал журналист ойындағысын кәдімгідей беріліп айтып отыр.
Сен бақытсыз әйелсің, бақытсыз анасың. Сен ешқашан бақытты бола білмеген адамсың. Сол бақытсыздығыңды әлемге көрсетіп, жылайсың. Ей, әйел, төрт баланың анасы, күйеуің төсекте ләззәтқа бөлеп жүр емес пе, енді неге оны соңына дейін ұстап қалуға тырыспайсың? Әйелдер өз күйеулеріне бағынышты болуы керек. Егер бағына алмасаң, жеңіл өмір сүргің келеді деген сөз. Онда сен қоғамның сорысың! Мен ажырасқан әйелдерді жек көремін, тіпті олармен бірге отырғым келмейді. Отбасын сақтау үшін бәріне шыдау керек, миллиондаған әйел бәріне көніп келеді.
Әйтенованың Оrda.kz сайтына айтқан сөздері
Қысқасы, бұл журналист Қазақстанның көпшілігін жек көреді екен. Кинотеатрға барғанда сауалнама жүргізеді ме екен, әлде ресторандағы қыздардан бұл нешінші күйеуіңіз деп сұрап алады ма екен? Бұл қалай болғаны?
Бұл жерде сұрақ туындайды. Әйел неге шыдауы керек? Неге көнуі керек?
Отбасын құру ең алдымен махаббаттан туындайтын ниет. Адамдар бақытты болу үшін отбасын құрады. Ешкім дайын әйел немесе отағасы болып туылмайды. Біз бір-біріміз үшін өзгеріп, жақсы болуға тырысамыз.
Қоғам қайраткері Дина Таңсәрі ажырасқан әйелдерді қоқысқа теңеген журналисті сотқа беруге шақырды.
Айтуынша, бұл әлеуметтік алауыздық мен жеккөрушілікті насихаттау. ҚР ҚК 174- бабы.
«Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, сол сияқты, егер бұл әрекеттер жария түрде жасалса, азаматтардың дінге, тектік-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік қатыстылығына байланысты олардың айрықша, артықшылығын не кемістігін насихаттау немесе бұқаралық ақпарат құралдарын,телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты насихаттайтын әдебиеттерді немесе өзге де ақпарат тасу құралдарын дайындау немесе тарату»:
2000 – 7000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, немесе 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.