Қазақстанда банктік қосымшалар арасындағы бәсекелестік өршуде. Олар бір-бірінен өте ерекшеленеді, және белгілі экономист Ғалым Құсайынов бірнеше қосымшаның артықшылықтары мен кемшіліктері туралы айтты.
Сарапшы өзінің телеграм-арнасында Каспи, Форте, Фридом және Халық туралы былай деп жазды:
«Өзім қолданатын қосымшалар жайлы кішігірім пікіріммен бөлісейін:
Каспи
Автотұрақ және кез-келген басқа да қызметті төлеу өте ыңғайлы, интеграцияланған «Магнум» ұнады, бұл азық-түлік нарығындағы жағдайды айтарлықтай өзгертеді. Барлығы оңай және түсінікті. Көптеген мемлекеттік қызметтер ұсынылған.
Дегенмен, ұнамайтын нәрселері бар:
- валюта айырбастау ыңғайсыз, дәлірек айтсақ, ол жоқ, сондықтан Каспиде валютаны ауыстыру өте тиімсіз. Бұл тұрғыда ЦКБ бірінші орында тұр. Валютаны ауыстыратын жерде депозиттеріңіз де тұрады
- дүкендерде QR арқылы төлеу сәл ыңғайсыз, біраз қимылдар жасауға тура келеді, ал егер интернет желісі болмаса, онда мүлдем төлей алмайсыз. Бұл орайда Apple, Google және Samsung әлдеқайда ыңғайлы
- балалар картасы онша емес, әлі де жақсартатын жерлері бар
- депозиттер бойынша мөлшерлеме ең жоғары емес, депозиттер желісі жоқ
- бонустар жоқ
Әзірге ыңғайлылығы жағынан нарықтағы ең жақсы қосымша, және Каспи қазір өзінің артықшылықтарын монетизациялап жатқанын түсінуге болады.
Халық
Көптеген мүмкіндіктері бар күшті қосымша. «Инвест қосымшасы» бар, менің ойымша, ол Қазақстан нарығындағы ең үздіктердің бірі, мультивалюталық карталар, Apple, Samsung және Google-мен біріге алады. Депозиттер желісі бар, бірақ кемшіліктері өте көп:
- валюта айырбастау жоқ, ол Инвест бөлімінде бар, бірақ бұл өте ыңғайсыз
- бэк оңтайлы емес секілді, шоттар арасындағы аударымдар ұзақ, кідіріспен жүргізіледі, бэкті жақсарту керек сияқты
- интерфейстер өте күрделі және шамадан тыс жүктелген, интуитивті түрде операциялар жасау өте қиын
- егер ақшаны депозиттен шешіп, содан кейін оны қайтадан аударсаң, комиссиясыз аударым жасау үшін 15 күн күту керек, мұның логикасы түсініксіз
- қауіпсіздік функцияларының логика тұрғысынан түсініксіз қызметтері бар, онда банкоматта картаны іске қосу сияқты қажетсіз әрекеттер тым көп
- балалар банкі жоқ
- бонустарды Халық терминалы тұрған дүкендерде ғана жұмсауға болады, сондықтан оларға аса назар аудармайсың, ақшамен төлеген жөн, әйтпесе бонустар клиенттерді тарту қызметін жүзе асыра алмайды
Форте
Әзірше артықшылықтарына қарағанда, кемшіліктері басымырақ:
- қызмет түрі аз
- интерфейс мүлдем интуитивті емес
- өз шоттарыңыздың арасында аударым жасау үшін SMS жіберудің не қажеті бар екенін түсіне алмадым, Фортенің ақшасы көп секілді, немесе Билайнға осылайша қолдау көрсетіп жүр
- аударымдарға қойылған лимиттері біртүрлі, тіпті өз шоттарыңыздың арасында 2 миллионнан артық ақша аудара алмайсыз
- валюталар биржасы тіпті тиімсіз, Форте клиенттерінің арасында жұмыс істейді, және банк өтімділігі жоқ екені анық, демек валютаны тиімді түрде ауыстыра алмайсыз
Фридом
Әлі талай жұмысты қажет ететін ең қиын қосымша
- ерекше функция дейтіндей ештеңе көрмедім
- интерфейстері миға қонымсыз, тіпті Apple Pay-ға жүктеу де жұмыс істемейді
- қазіргі нарық үшін ең үлкен артықшылық – бұл Ресейден Қазақстанға жедел ақша аудару. Бүгінгі таңда өте өзекті.
Мен ең керемет клиент емеспін, тек байқаған нәрселерімді жаздым».