Бағаны тежеу жұмыстары нәтижесіне байланысты әкімдіктердің рейтингі жасалды. Рейтинг бойынша көш соңында Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары тұр. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов кеңесте айтты.
Әлихан Смайылов «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы бірнеше рет тапсырма берілгенін айтты. Алайда 10 өңір әлі күнге дейін тапсырманы орындаған жоқ.
Елімізде өнім көлемі бар. Өндірушілер келісімшарт жасауға дайын. Бірақ 26,3 млрд теңге игерілмей, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың шоттарында жатыр. Әкімдіктер қыркүйек айының соңына дейін “айналым схемасын” тиісті көрсеткішке жеткізіп, қаржыландыруды қамтамасыз етсін,
деді Премьер-министр.
Оған қоса, Әлихан Смайылов сауда үстемесін бақылаудың формалды болуына және делдалдық тізбектерді тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялардың тиімсіз жұмысына назар аударды.
Басы артық делдалдарды анықтау жұмыстары назардан тыс қалды. Нәтижесінде, керексіз делдалдар көбейіп, бағаның тоқтаусыз өсіп бара жатқанын көріп отырмыз,
деді Әлихан Смайылов.
Сауда министрлігі бағаны тежеу жұмыстарының нәтижесіне байланысты әкімдіктердің рейтингін жасаған еді. Бұл рейтингі бойынша көш соңында 2 өңір тұр, олар: Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл өңірлерде не бөлшек сауда, не көтерме сауда нарығы бақыланбайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізу бойынша жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Бұл фактілер барлық өңірге тән.
Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысына, оның ішінде елді қантпен қамтамасыз етуге жеке тоқталды.
Министрліктің жұмысы жеткіліксіз. Квота бөлу ішкі нарықты тұрақтандыра алмады, өйткені тиісті деңгейдегі ұйымдастыру мен талдау болған жоқ. Бұған қоса, ведомство басшылығының шешім қабылдаудағы жайбасарлығы да әсер етті. Ел дүрлікті,
деді Аремьер-министр.
Оның айтуынша, АШМ тарапынан әкімдіктер мен ұйымдардың тиісті өнімдерді жеткізуге уақытылы келісімшарттар жасау жұмысы дұрыс үйлестірілмей отыр. Өңірлердегі тұрақтандыру қорларын уақтылы толықтыру жұмыстары әлсіз бақыланады.
Жұмысқа атүсті қарау немесе орындамау жалғаса беретін болса, өңірлер мен министрліктер бойынша кадрлық шешімдер қабылдаймыз,
деді Әлихан Смайылов.