Қазақстандықтар қазір табысының 60 пайызын тамаққа жұмсайды. Әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі бұл. Сорақысы – біздің елде азық-түлік құнының көтерілуі фермерлерді де, ауыл кәсіпкерлерін де байытып жатқан жоқ. Себебі, қосылған құн базардағы делдалдардың қалтасына кетіп жатыр.
Бұл мәселені Мәжілісте депутат Анас Баққожаев көтерді. Оның сөзінше, қаладағы базарлар мен ондағы ұйымдасқан делдалдар көлеңкелі экономиканы «қыздырып» отыр. Шаруаларды зар қақтырып отырған да сылар.
– Шаруалар қақпаның ішіне кіру үшін бір төлейді, көлік орнына тағы төлейді. Тәшкі, таразы мен түрлі анықтама ақысы тағы бар. Шаруалар базарға кіргенімен, делдалдардың қолдан ұйымдастырған қысастығынан тауарын арзанға беріп, ауылға қайтуға мәжбүр.
Осылайша,
шаруа әкелген 1900 теңге тұратын сиыр еті делдалдың тірлігінен дастарханымызға 3200-ден, ал 80 теңгенің картобы 250 теңгемен жетеді.
Ауыл шаруашылығы өнімінің қай түрін алсаңыз да, осылай саудаланады.
Базар маңы мемлекет бақыламайтын алыпсатарлар қоймасына толы. Қойма иелері шаруаларды қалауынша «илеп», бағасын «сындырып», әкелген өнімін арзанға алып алады да, сол жерде тұрақты сатып алушылары арқылы қымбатқа сатып, тер төкпестен байып отыр.
Үкімет пен әкімдіктер делдалдарды ауыздықтай алмаса, «бұл нарық, біз араласа алмаймыз» деп, бағаны реттемесе, онда бізге аты дардай Сауда министрлігі не үшін қажет? Сауда-саттық жүйесін халық игілігіне бұра алмаса, бұл мемлекеттік органнан не пайда, – деді ол.
Сонымен қатар, депутат азық-түлік бағасын арзандатудың жаңа амалын, батыл қадамын ұсынды. Ол – тұтынушы кооперативтерін дамыту.
– Азық-түлік дүкендері басқалардан сатып алған өнімнің үстіне кемінде 25-30 пайыз құн қосып, қайта сатады. Өйткені кез-келген кәсіпкерліктің мақсаты пайда табу.
Ал егер дүкеннің иесі кәсіпкер емес, тұтынушылардың өздері болса ше? Сену қиын, алайда шетелде мұндай кооперативтік дүкендер баяғыдан жұмыс істеп келеді. Қазақстанда сондай үлгіде кооперативтік дүкендер ашуға болады. Ол кооперативтік дүкендердің мақсаты пайда табу емес – тұтынушыларын арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету. Осы арқылы азық-түлікке қосылған қосымша құнды төмендетуге болады. Әттең-айы, халықта мұндай жобаны іске асыратын қаражат жоқ. «Кооперативтік дүкен құрамыз, келіңіздер, ақша жинайық» демейтін тұтынушылардан белсенділік күту қиын. Мұндайда, тәуекелге барып, алғашқы қайтармалы капиталды толығымен мемлекет беруі тиіс. Құйылған капиталды мемлекетке кейін тұтынушылардың кооперативке кірген жарнасы арқылы қайтаруға болады. Бір жоба болса да, жол көрсетіп, адамдарды біріктіріп, кооперативтік қозғалысты бастап беру маңызды.
Кооперативтік дүкендер құрылса, тұтынушылары көбейіп, кеңейсе, кейін оларды өңірлердегі ауыл шаруашылығы кооперативтерімен, шаруалармен байланыстыра аламыз. Сөйтіп өндірістен шыққан өнім тікелей сатып алушыға ешқандай қосымша құнсыз жететін болады. Бұл азық-түлік бағасының кем дегенде 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл бағытты дамыту қазіргі нарықтағы бағаны қалыптастыру жүйесіне бәсекелес болып, азық-түлік бағасын реттеуге ықпал жасайтыны анық. Осы ұсынысты қабылдап, пилоттық жоба ретінде алғашқы кооперативтік дүкен құрып, батыл қадам жасауыңызды сұраймыз, – деді депутат ҚР премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге жолдаған сауалында.