Былтыр 4-қаңтар күні қазақ қоғамын дүр сілкіндірген, қара жамылдырып, билікке сынақ болған айрықша жағдай орын алды. Тәуелсіздік бесігі саналатын Алматы қаласы шаһар тарихында болмаған бүліншіліктің астында қалды.
Құрбан болған бейкүнә сәбилер, баласынан айырылған аналар, әкесінен айырылған балалар. Халықтың үнін билікке жеткіземіз деп бейбіт шеруге шыққан жандардың оққа ұшуы, тергеуге алынып, қамалып, бетіне үтік басылып, азапталуы…
Наразылық Жаңаөзеннен басталып, кейін бірнеше аймақта жалғасын тапты. Ең сорақысы — шеру Алматыда да орын алып, қала түгелдей қара жамылды. Қала қирады, әкімдік ғимараты өртенді, дүкендер тоналды.
Наразылық шеруі 1-қаңтардан басталып, 4-қаңтар күні нағыз шиелініске айналды. Бүкіл Қазақстан бойынша митингілерге қатысушылар саны күрт артып, 37 мыңға жетті. Атырау облысында Теңізшевройл компаниясының жұмысшылары жұмысын доғарып, өнім шетелге әкетілмеуі үшін автотрасса мен теміржолды жапты.
Атырау, Ақтөбе облыстарында өзге кен орындарын да ереуілдер толқыны басты. Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» шахтерлары, металлургтар, Жезқазғандағы «Қазақмыс» кеншілері, мыс балқытушылар ереуілдерін бастады.
4–5 қаңтарда отандық өндіріс ошақтары, өнеркәсіптік кәсіпорындар, түсті, қара металлургия өндірісінің беткеұстар ошақтарын наразылық шаралары жайлады. Нәтижесінде Жаңаөзенде басталған наразылықтан соң, газ бағасы 50 теңгеге түсті.
Бірқатар билік өкілдері қызметінен босатылып, кейбірінің үстінен осы уақытқа дейін қылмыстық іс қозғалып жатыр. Бұрынғы Президенттің заңсыз байыған бірқатар туысқандары, достары қамауға алынды, алды сотталды.
Ал жаңа Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдарды иеленуге тыйым салынды. Оның да билікті жеке-дара иеленуіне тосқауыл қойылды. Қаңтар оқиғасы орны толмас қазаға алып келді. 235-ке жуық адам қаза тауып, 1 249 тұлға сотталды.
Қаңтар оқиғасының бір жылдығына байланысты 5 қаңтарда «Qazaqstan» телеарнасынан ұзақтығы 30 минуттық «Куәгер» деректі фильмі эфирге шығады. Фильмде Қаңтар оқиғасын көзімен көрген, арасында болған куәгерлердің оқиғасы баяндалады.
5 қаңтар сағат 20:40-та Қаңтар оқиғасының хроникасына құрылған, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол сәттегі шешімдері мен үндеулері туралы «Қаралы қаңтар» деректі фильмі көрсетіледі.
6 қаңтар сағат 20:40-та Қаңтар оқиғасына қатысты істі болып, рақымшылыққа іліккендер туралы «Кешірім» деректі фильмі эфирге шығады. Жобада амнистия аясында атқарылған жұмыстар кеңінен көрсетіледі. Бас прокуратура, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілдері, заңгерлер, рақымшылық берілген азаматтардың сұхбаты беріледі.