28 қыркүйек күні қазақтың үш майталман қаламгерлері — Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкейдің туған күні.
Қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезов туғанына 125 жыл, Алтайдың кербұғысы Оралхан Бөкейдің туғанына 79 жыл, Қазақтың Шер-ағасы – Шерхан Мұртаза 90 жасқа келді.
Қазақ әдебиетінің ірі алып көшбасшылары, қазақ қара сөзінің көк байрағын аспанға желбіреткен суреткерлер: Мұхтар Әуезовті «Абай жолы» эпопеясынан бастап мектепте жарыса оқыдық. Шерхан Мұртаза — «Бір кем дүниесін білмейтін қазақ жоқ шығар?, .. бар болса ол да бір кем дүние… «тұяғы бүтін тұлпары жоқ» қазақ деген халықтың бар мұңын, кем — кетігін жоқтап, бір ғана сөзбен «бір кем дүние» деп үзілді — кесілді айтты! Өте данышпандықпен жазылған, бүкіл қазақтың дертіне дәру кітап. Өр Алтайын өмір бойы жырлап өткен Оралхан шығармалары тұнып тұрған сағыныш- туған жерге деген, адамзат баласына деген сағыныш…
Ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов, ұлтының әдебиеті мен мәдениетіне теңдессіз үлес қосып, ұлт ағарту жолында сүбелі еңбегімен ұлы шың болып қалды.
Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бой «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи романэпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. Орыс тіліне аударылған. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Төрт кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды. Әдеби еңбегі үшін жазушы 1957 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1961 жылы 27 маусымда қайтыс болғаннан кейін, республика үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді.
Оралхан Бөкейдің Әуезов туралы айтқан мына бір сөзі бар:
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде бір-ақ алып суреткер бар. Ол – Әуезов. Ол – теңіз болса, біз – көлшік. Ол – бәйтерек болса, біз – маңайындағы балапан. Асылында, жалғыз ащы шындықты мойындағанымыз абзал. Мұқаң бізсіз…
Ал «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан Бөкей тірі болса, бүгін 79 жасқа толар еді. Алтайдың көркем бейнесін туындыларына арқау еткен саналы ғұмырында көркем суреткер Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда Оралхан «…ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде…» ел есінде қалды.
Халқы «Шер-аға» деп білетін Шерхан Мұртазаның өмірден өткеніне төрт жылға жуықтап қалды.
Шер-аға бір жылдары Қазақстан Pеспубликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып, ел көкейіндегі ең өзекті мәселелерді биік мінберлерден жасқанбай айтқан.
Бір күнде туған Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің ағалық-інілік сыйластығы барша қазаққа үлгі бола алады. Шерхан Мұртаза алпыс жасқа толған кезде Оралхан Бөкейдің жазған мына бір екі абзац хаты бар еді:
Мен Сізді, Аға, жаһандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім, әрі осының өзін мақтан тұтар едім. Қарғадай кезімде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда қаперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмысқа шақырдыңыз. Университеттің үшінші-ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз. Бұдан кейін де әдебиет пен журналистикадағы соқпағы соқтырмалы кезеңдерді бірге өткізіп келе жатырмыз. Мен кейде туған айымыз бен күніміздің (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, сіз алпыс деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен? (1992 ж.).
Шераға тірі кезінде осы хатқа қатысты бір сұхбатында былай дейді:
Соңғы сөйлем… Сұрапыл сұмдық сұрақ. Төменге қараймын, енді Оралхан көрінбейді. «Шолпандай таң алдында туып-батты». Сонда… Қатон-Қарағайға, Шыңғыстайға барғанда, алқаракөк аспанда бір қыран биіктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрді де қойды. Енді биіктеп кеткен Оралхан шығар…