Футболдан Қазақстан құрамасы өте жақсы өнер көрсетті. Қазақ футболындағы тарихи жылды топтық кезеңдегі үшінші орынмен аяқтаймыз.
Деңгей өскен, футболға қызығушылар көп болды. Бұл жерде жеңіліс болса да, Қазақстан футболы өскенін аңғаруға болады. Сырт алаңда өткен ойында ұлттық құрама қолдаудан құр қалмады. Кемі екі мың жанкүйер болды деген ақпарат бар.
Еуро-2024-тің H тобында бақ сынаған Қазақстан Ұлттық құрамасы іріктеу кезеңнің қорытынды ойынында Словениямен кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліс тапты.
Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 01:45-те басталды. Командалар Словения астанасы Люблянадағы «Стожице» стадионында кездесті. Бұл Н тобының соңғы туры болды.
Магомед Адиев бапкерлік ететін Ұлттық құраманың бастапқы құрамында Шацкий, Малый, Әліп, Быстров, Қуат, Чесноков, Самородов, Вороговский, Оразов, Бейсебеков, Марочкин өнер көрсетті. Капитандық міндетті Абзал Бейсебеков атқарды.
Бірінші таймның соңғы жағында Беньямин Шешко пенальтиден есеп ашып, Словенияны алға шығарды. Қорғаушы Ян Вороговский тәртіп бұзды.
Алайда екінші тайм басталған сәттен-ақ, қазақстандық футболшылар белсене шабуылға кірісті. Максим Самородовтың жеке шеберлігінің арқасында Рамазан Оразовтың аяғына доп сәтті келе қалды. Словенияның «Копер» клубында ойнайтын жартылай қорғаушы мүлт кеткен жоқ. Таразы басы теңесті.
Ал ойынның 86-ші минутында словениялық ойыншы Беньямин Вербич Қазақстан қақпасына гол салып, 1:2 есебімен командасын алға шығарды.
Жеңіліске қарамастан, Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасы арқылы Еуроға жолдама алу мүмкіндігі әлі де бар.
Ендігі үміт — Ұлттар лигасы. Еуроға үміт әлі сөнген жоқ.
2024 жылдың көктемінде Әдиев шәкірттері жартылай финалда Грекиямен ойнайды.
Ал Ұлттық құрамаға жарқын жеңісті сәттер үшін алғыс!