Ресейде ішінара мобилизация жарияланды. Бүгін таңертең Путин «соғысқа баратын кездерің келді» деп, ресейліктердің төбесінен мұздай суық су құйып жіберді.
Ресей абыр-сабыр, халық қандай шетелге болса да, билет таппай сеңге түсуде. Бірақ мобилизацияның әдетте соғыс жағдайында ғана жарияланатынын ескерсек, әскерге жарамды жастағы еркектер үшін шекара тарс жабылды. Ресейден қашу енді қиын.
Бұл мобилизацияның түбі жарияланатыны Путиннің «үш күнде Киевті алу» жоспары іске аспай қалғанда-ақ белгілі болған. Путин бірден мобилизация жариялауға батпай, әбден тығырыққа тірелгенше, күні бүгінге дейін созып келді.
Түрмелерден небәрі 10 мыңдай қылмыскерді соғысқа көндіре алды. Бірақ қылмыскердің аты қылмыскер, олар соғысқа бара сала Украинаға тұтқынға беріле салды.
Путиннің қолында қалған соңғы үміті ядролық қару мен осы мобилизация еді.
Ядролық қару қолдануға Путин батпайды, өйткені «қолдансаң, бункеріңді бұрқ еткіземіз» деп, оған АҚШ ашық ескертті.
Ал халықты өлімге итере салуға келгенде Путин еш шімірікпейді. Өзінің мәнсіз өмірі мен билігін созу үшін – оған жүз мыңдаған адамның өмірі түк емес.
Ресейдің жалпы мобилизациялық әлеуеті – 31 млн адамға бағаланады. Запаста 2 млн адам тұр, оның 17 млн-ы әскери қызметке, тікелей соғысқа шақыртыла алады. Әрине, 17 млн адамды шақырмас, бұл ақылға сыймайды.
Путин әскери борышын өтеп келгендер арасынан соғысқа адам алмақ. Соңғы бес жылда әскерге шақырылғандар арасынан ары кетсе, 500 мың сарбаз табылар. Соғыстағы ең қажет мамандар – дәрігерлер мен жүргізушілер, ендеше военкоматтар сондайлардың соңына шам алып түседі.
Ал Украина өз мобилизациясын әлдеқашан жариялап, жүзеге асырып қойған. Олардың қаруланған 1 млн сарбазы бар, оның жартысынан астамы дәл қазір фронтта соғысып жүрген жоқ. Ендеше, Ресей арқа сүйеп отырған мобилизациядан кейін келіп қосылатын күшке Украина қазір-ақ дайын отыр. Резервистерді соғысқа жеткізгенше апталар мен айлар өтеді, оған дейін өзге елдерден қарудан қару алып жатқан Украина Ресей әскерін талқандай береді. Бәрібір саны мен сапасы жағынан Украина әскері басым бола бермек.
– Бұл ішінара мобилизация Ресейге еш көмектеспейді. Тіпті толыққанды мобилизация жарияланса да, көмектеспейді. 170-200 мыңдық әскерін қамтамасыз ете алмай отырған Ресей ертең 400-500 мың болатын әскерін қалайша қамтамасыз етеді?
Ең сорақысы – Ресей армиясын тамақтандыру аутсорсингпен жүргізіледі. Бейбіт уақытта болса бір жөн, бірақ соғыста қайдағы жекеменшік фирма? Есі ауысқан Путин шалдың империялық амбициясы үшін Ресей тағы мыңдаған адамынан айырылады. Ресей халқының қаны бөшкелеп төгіледі. Мобилизация жариялауымен Путин өзін бейбіт түрде отставкаға кету мүмкіндігінен айырды. Енді ол не асылып өледі, не Гаагада сотталады, не Мәскеуде трибуналға түседі. Біз енді квази-фашистік режимнің ит өліміне куә боламыз. Мұны көптеген ресейліктің көре алмай кететіні ғана өкінішті, – дейді тарихшы Дмитрий Чернышевский.