Өткен аптада танымал блогер, вайнер, КВН-ші Мұрат Бірмағамбетов ойынқұмарлық азабынан арыла алмай, өзіне қол салғаны белгілі болды. Екі баланың әкесі, сүйікті жар соңғы жазған хатында әйелінен кешірім сұрап, құмарлықтан өмірі тозаққа айналғанын жеткізген. 25 жыл арпалысқан бұл ауру ақыры түбіне жеткенін жазды.
«Қыздарыма жақсы әке, саған жақсы күйеу бола алмағаныма кешір. 25 жыл бұрын бұл жаман ауру — ойынқұмарлыққа тап болдым. Өмірімнің соңына дейін мен екі жақты өмір сүрдім. Бұл — мен үшін тозақ. Мұны тастауға мың рет тырыстым, қолымнан келмеді. Сондай қорқынышты. Саған, қыздарыма, анама, маған сенген адамдарға опасыздық жасадым. Бұл оймен қалай өмір сүремін? Кешіре алсаң кешір. Сенің бақытты болғаныңды қалаймын, сондықтан бұл өмірден кетемін»,
делінген хатта.
Жақында әлеуметтік желілерде тағы бір видео пайда болды. Автобуста жас жеткіншектің ставка тігіп отырғанын басқа жолаушы байқап, видеоға түсіріп алған.

Бұл туралы белгілі блогер Дәулет Төлеутайұлы өз Instagram парақшасында жазды:
«Ересектер қойып, енді кішкентай балалар да құмар ойынның құрбанына айналуда. Ұрпақ улануда! Бұл букмеркерлік орталықтар қашан заңға бағынады? Неге бұндай балаларға логин беріледі? Іс жүзінде жасқа неге шектеу жоқ?
Елімізде шексіз-шетсіз букмеркерлік орталықтың бары айтпаса да түсінікті. Оларды түбімен жою мүмкін емес. Азартқа кіріп кеткен адам отандық болмаса да, шетелдік конторалардың қамбасын толтыратыны белгілі. Десе де, қанша адам тағдыры мен отбасының шырқын кетіргендерге біздің елде қандай заң бар? Олар мемлекет қазынасына төлейтін салықтарын ашық төлей ме және қыруар қаражатқа қандай да бір статистика жүргізіле ме?
Маған әлі күнге дейін, құмар ойынның құрығына түскендерден түрлі хаттар келеді. Оқиғалары жаға ұстатарлық. 100 теңгеден басталған азарт соңы 100 миллион теңгеге дейін бәс тігіп жібергендер бар. Құрметті ата-аналар, балаңыздың ұялы телефонына бір сәт болсын тексеріс жасап қойыңыздар», — деп жазды блогер.
Астына жазылған пікірлер де көңіл көншітпейді. Бірі ересек баласының құмар ойынның құрбаны болып кеткенін жазса, басқасы мемлекеттен бақылауды күшейтуді сұрайды.


Шыны керек, құмар ойындар — қазіргі кезде кең таралған тәуелділіктердің бірі. Бұл аурудан әлемнің әр түкпірінде, баладан бастап еңкейген қартқа дейін түрлі жастағы адамдар зардап шегуде. Қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар лудомания дейді.
Қазірде Қазақстандағы ойын-сауық контенттердің көбінде букмекерлік конторалар ашық жарнамаланады. Тіпті бастапқы тігетін ақшаны тегін беруге де дайын. Бұл әсіресе қазір, футболдан Әлем чемпионаты болып жатқанда аса өзекті, ставкалардың салдарынан мыңдаған отбасы зардап шегіп жатыр. Бұған тосқауыл қоюды бірнеше қоғам қайраткерлері көтергенімен, құлақ асқан үкімет жоқ. Ал өскелең ұрпақ тәуекелдер аймағында қалып отыр. Оларды қалай қорғаймыз? Жалпы лудоманияға ұшыраған адамдарды емдеу мүмкін бе? Бұл туралы біз психолог Анаргүл Мәулиқызынан сұрап көрдік.

— Жалпы осы лудомания емделетін ауру ма?
— Лудоманияны психиатриялық әсер ету арқылы ғана емдеуге болады. Бұған кейде жарты жыл, одан да көп жылдар кетуі мүмкін. Оңай шағылатын жаңғақ емес. Психиатр көп жағдайда мұндай адамдарға антидепресанттар жазып беріп жатады. Топтық терапия да жақсы көмектеседі. Ол өзін жалғыз емес екенін, мұндай аурудан көп адам құтыла алмай жүргенін сезінеді, бір-біріне көмектеседі.
— Лудоманияға себеп болатын не?
— Лудоманияға шалдыққа адамның басты проблемасы – бұл қуаныш сезімінің аз болуы, эмоцияға тәуелділік. Көп мәселе балалық шақтан қалыптасады ғой. Егер адам баласына кішкентай кезінен өзін кінәлі сезіну сезімін ұялатса, көп ескерту айтатын болса, қатал ұстайтын болса бала эмоциясын шығара алмайтын, тұйық болып өседі. Сосын ата-ананың гиперқамқорлығы да кері әсерін тигізеді. Бар жағдайын жасап, киім-кешегінен бастап, үй-жайына дейін түгендеп беретін ата-аналар бар. Бала еңбектенудің, өз өміріне жауапкершілік алу дегеннің не екенін білмей өседі. Ақша табу туралы, еңбек туралы бұрмаланған ой қалыптастырады. Ойын арқылы жағдайымды жақсартып аламын, жақындарыма көмектесемін деп ойлайды, бірақ кейін оған қалай тәуелді болып қалғанын байқамай жатады.
— Жақындары лудоманияға ұшыраған адамға қалай көмектесе алады?
— Жақындары лудоманияға шалдыққа адамға лудомания туралы ақпарат берсе де ол адам қабылдамайды. Себебі ол лудоманияға шалдыққанын мүлдем мойындамайды. Себебі ол өзін сау адам ретінде сезінеді және шынайы өмірден алшақтайды. Сондықтан жақындары ол адамға көңілін аулайтын бірнеше жағдайларды жасап бере алады. Спортқа бірге бару, хобби табу, ол адамда бос уақыт болмайтындай жағдай жасау. Одан кейін психологиялық тұрғыда қолдау көрсету, жақсы идеялар айту, сол идеяларды бірге жүзеге асыратындай жағдай жасау. Осы жағынан жақындары көмек бере алады.
Жақындары тарапынан жағымды қолдау ғана емес, керісінше негативті әсер ету де адамның өзіне келуге көмектесіп жатады. «Сенің болашағың жоқ, ертең ешкімге керек болмай қаласың» деп батырып сөйлеу арқылы да адамға әсер етіп жатады. Себебі лудоманияға шалдыққан адамдар көбіне өзіне сенімсіз адамдар және ұяң адамдар. Себебі ішкі эмоциясын сыртқа шығара алмайды. Сол эмоцияларды осындай теріс жағдайлар туғызып жатады.
Жақын адамы лудоманияға шалдыққан адамды құтқарғысы келсе психотерапевтің кеңесіне жазылуы өте маңызды. Тек арнайы мамандар ғана адамды ішкі күйзелістен шығара алады. Себебі лудоманияға шалдыққан адам ол күйзелісте жүрген адам.
— 500-2000 теңге аралығында ставка тігетіндер де лудоманияға шалдыққан болып санала ма?
— Жай ғана ставка тігетіндер 500-1000-2000 теңге болсын ол да лудоманияның бір түрі ретінде қарастырылады. Себебі кез келген тәуелділік кішкентай нәрседен басталады. Осындай аз сумма болсын, адам сол қуаныш сезіміне қайта-қайта бөленгісі келіп тұрады. Азарт дегеннің өзі тәуекел дегенді білдіреді.
— Ата-аналар балалары ойынқұмар болмауы үшін не істеу керек?
— Жасөспірімдер осындай азарттық ойындарға тәуелді болмас үшін ата-ана баласын еңбекқорлыққа тәрбиелеу керек. Өз өміріне өзі жауапты екенін түсіндіру керек және өзіне-өзі қызмет көрсетуді үйрету керек. Гиперқамқорлық көрсететін ата-аналар баланың жеңіл ақшаға құмар болуына итермелеп жатады. Себебі бала кішкентай кезінен ақша табу қиындығын көрмегеннен кейін өскенде соның жеңіл түрін таңдап жатады: ұрлыққа баралы немесе осындай тәуекелдерге барады.
Және өзіне сенімділікті арттыру керек, жақсы қасиеттерін айтып, көтермелеп, мадақтап отыру маңызды. Бірақ бұл ауқымды жұмыс екенін ұмытпаған жөн.
Бала сондай-ақ, көбіне ата-анасынан ала алмаған назарды сырттан іздей бастайды. Компьютерлік ойындар арқылы қуаныш сезіміне бөленгісі келеді. Сондықтан ата-анасы баласымен сөйлесіп отыру, хал-жағдайын біліп отыру керек, ортасына назар аудару керек, кімдермен араласады, достары кім. Жалпы ата-ана баласының өміріне қызығушылық танытатынын білдіру керек. Сондай-ақ сезімдерін ашық айтып, жақсы көретінін айтып отыру маңызды. «Сен мықтысың», «Сенен мықты азамат шығатынына сенімдімін» деген сияқты сөздермен өзіне сенім ұялатып өсіру керек.
— Әңгімеңізге рақмет!