«Әлем тарихында ақша орнына тұз, металл, ракушка сияқты нәрселер қолданылған ғой. Соңғы жылдары ақшаны лайк және қаралым ығыстырып жатқандай. Ол екеуін жаңа капитал деген ой жиі айтылды. Біраз блогер лайк пен қаралым үшін әжептеуір ақшадан бас тартуға даяр». Журналист Нұрмұхамед Байғараев осындай тұжырым айтып отыр.
Айтуынша, енді аудиторияның назары, зейіні бәрінен құнды капиталға айналып барады. Адамдар жұрттың назарында әрдайым болу үшін инстаграм мен тиктокта небір қитұрқы әрекеттерге көшкен.
Алайда сол аудиториямның назарын ұстап қалам деп отбасыларындағы ішкі жағдайды, құпияны, тіпті трагедияны жар салу әдетке айналып барады. Немесе ауызашар, құран бағыштау, мешіттегі құлшылық дегеннің өзін бірнеше мобилограф түсіріп, ивентке айналып кетеді. Қажылықтан тікелей эфир, фоторепортаж қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Көп жағдайда осылар контент үшін, ол аудиторияның назары үшін жасалып жатыр,
дейді Байғараев.
Бүгінде сынайтын жұрттың өзін тыйып тастау әдетке айналған. Бұрынғының «Ұят боладысы» ендігі жүрмейді.
Шектен тыс жариялылық қазақы қоғамда бұрыннан бар жөні түзу құндылықтарды бұзып жатыр деуге болады. Себебі жұрт көргенін қайталайды әдетте. Қазір тіпті бір жерге «ұят болады» деп жазу орынсыз сияқты. Өйткені ол ұғымды сынауды «жаңаша» ойлаудың символына айналдырып, табу тақырыпқа айналдырып тастады. Әйтпесе, сол екі ауыз сөз құндылықтар коридоры, қаншама ақылды сөзді алмастыратын ұғым еді ғой,
деп жазды журналист.
Нұрмұхамед Байғараев келешекте жұрттың назарына таласып, бұдан да басқа ұялмаудың жаңа деңгейі шыға бере ме деп алаңдайды, сорақысы бұған етіміз үйреніп бара жатқанында.