2023 жылғы 2 ақпанда «Ашық НҚА» порталында Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму Министрлігі дайындаған «Масс-медиа туралы» Заңның жобасы жарияланды. Бұл орайда бұрыннан келе жатқан «БАҚ туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» екі заңды біріктіру жоспарланған. Алайда, журналистер мен сарапшылар заң жобасы олардың ұсыныстарын ескермейді және цензураны заңдастырады деп санайды.
Бұл қалай болды: АҚДМ заң жобасын дайындау үшін журналистер мен құқық қорғаушылардан тұратын жұмыс тобын құрған. Бірлескен жұмыстың нәтижелері 6 қаңтар күні «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Алайда сол кездің өзінде-ақ бұл жоба журналистер қауымының да, жұмыс тобы мүшелерінің де наразылықтарын тудырды, айтуынша олардың ұсыныстары ескерілмеген болып шықты.
Құқық қорғаушылар жаңа заң медиа қызметкерлерінің құқықтарын шектеп, міндеттерін арттыратынын айтты. Бірақ бір айдан кейін, 2 ақпан күні, заң жобасының екінші нұсқасы жарияланды, және ол біріншісінен де әділетсіз болып шықты.
Мысалы, ұсынылған заң жобасының 26-бабында «Ерекше жағдайларда бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау алдында лауазымды адамдармен ақпараттық хабарламаларды келісуі керек» деп жазылған. Яғни, шын мәнісінде, цензураны заңдастыру ұсынылып отыр. Бұған қоса, заң жобасының бірінші нұсқасында жұмыс тобының талқылауы нәтижесінде талап-арыз қою мерзімі үш жыл деп белгіленген еді, бірақ екінші нұсқадан бұл белгісіз себептермен алынып тасталды.
Жобадағы медиа қауымдастықтың наразылығын тудырған тағы бір мәселе — «баспасөз карталарын» енгізуге қатысты. Сарапшылардың айтуынша, бұл журналистерді алалайтын және оларға қысым көрсететін тетік болып табылады. АҚДМ баспасөз карталарын енгізуді былай деп түсіндіреді:
Баспасөз картасын беру арқылы журналист мәртебесін көтерген кейбір ЕО елдерінің, Түркияның тәжірибесін ескере отырып, жаңа заңда құқықтар мен артықшылықтардың кеңейтілген спектрін ұсыну арқылы журналист мәртебесін көтеру жөніндегі новеллалар кешенін пайдалану ұсынылады. Бұл неғұрлым ашық және ақпараттық диалогқа көшу арқылы бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл форматын өзгертуге мүмкіндік береді.
Factcheck.kz редакциясын халықаралық тәжірибеге сілтеме жасау қызықтыра түсті. Олар министрлік мәлімдемесін тексеріп, Еуроодақ пен Түркиядағы жағдайды талдауға көшті.
Қысқаша қорытынды:
Еуроодақтың көптеген елдерінде баспасөз картасы заңмен реттелмейді, ал оның қандай да бір ықпалы бар елдерде баспасөз картасын беруші және реттеуші ұйымдар билікке бағынбайды және тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ету мақсатында ғана мемлекетпен бірге жұмыс жасайды.
Ал Қазақстанда ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес, баспасөз картасын беретін де, алатын да – уәкілетті орган (яғни АҚДМ) тағайындайтын тәртіпте журналистік баспасөз картасын беру мәселелері жөніндегі Комиссия. Түркияға келетін болсақ, онда баспасөз картасы біраз уақыттан бері журналистерді бақылау, алалау және цензуралау құралы ретінде қолданып келеді, және бұл туралы Түркияның құқық қорғау ұйымдары мен медиа қауымдастығы бірнеше мәрте айтқан болатын. Елдің заңнамасы сөз және баспасөз бостандығын айтарлықтай шектейді, және бұл орайда Түркиядан үлгі алудың керегі жоқ сияқты.
Нақтырақ талдайық.
Баспасөз картасы заңмен реттелетін ЕО елдері
Бельгия
Баспасөз бостандығы қағидасына сай кез-келген адам журналистикамен айналыса алады. Бұған қоса Бельгияда кәсіби және кәсіби емес журналистер болып бөлінеді. Кәсіби журналистерге белгілі бір талаптар қойылады – мысалы, олар 21 жастан кіші болмауы керек, кем дегенде екі жылдан артық жұмыс өтілі болуы тиіс, және жұмысында екі жылдан артық үзіліс болмауы керек.
Сонымен қатар, кәсіби журналистерден басқа, ол жақта «кәсібі бойынша журналистер» бар. Екеуінің айырмашылығы мынада: кәсібі бойынша журналистер жаңалықтарда емес, салалық басылымдарда жұмыс істейді (мысалы, IT-журналдар, спорт журналдары және т.б.). Карта беру үшін басқа да талаптар қойылады: мысалы, адам коммерциялық қызметпен айналыспауы керек.
Баспасөз картасын кәсіби журналистер мен баспагерлерден тұратын Ресми тану Комитеті береді. Кәсіби журналист атағын алғандарға әлеуметтік және материалдық жеңілдіктер қарастырылған.
Тану Комитетінің мүшелері мен орынбасарларын Бельгияның кәсіби журналистерінің жалпы Қауымдастығы мен бельгиялық газет баспагерлерінің қауымдастығы бірлесіп тағайындайды. Мүшелер король жарлығымен төрт жылға сайланады.
Франция
Францияның 1935 жылғы заңына сай, баспасөз карталарын беретін Кәсіби журналистердің жеке куәліктерін беру жөніндегі Комиссия жұмыс істейді. Бельгиядағы секілді, мұнда да кез-келген адам журналистік қызметпен айналыса алады және картаның болуы міндетті емес. Дегенмен, ол кәсіби журналистерге өз қызметін растауға, ақпаратқа оңай қол жеткізуге және өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Комиссия құрамына құрылымды бірігіп басқаратын жұмыс берушілердің 8 өкілі және жұмысшылардың 8 өкілі кіреді.
Германия
2018 жылдан бері Германияда ұлттық баспасөз картасын берумен 6 қауымдастық айналысады, олар үшін неміс баспасөз кеңесі жауап береді. Бұл – баспа және онлайн БАҚ-ның өзін-өзі реттеуінің ерікті бірлестігі. Ол тек штаттағы журналистерге беріледі және ішкі істер Министрінің қолы қойылады. Сол себепті, мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста маңызды құрал болып саналады. Бірақ бұл штаттан тыс немесе азаматтық журналистер өз қызметтерімен айналыса алмайды деген сөз емес.
Кипр
Кипрдың 1989 жылғы «Баспа туралы» заңына сай, кез келген журналист баспасөз картасын алуы керек. Оны баспасөз және ақпарат Басқармасы немесе Кипр журналистер Одағы дайындайды. Карта 3 жұмыс күні ішінде беріледі және 3 жылға жарамды.
Италия
Италияда журналист жұмысы журналист картасын беретін Италия журналистер орденімен реттеледі. Заң журналистердің ODG-де кәсіби маман ретінде тіркелуін талап етеді.
Баспасөз картасы заңмен реттелмейтін, бірақ бірқатар артықшылықтар беретін ЕО елдері
Финляндия
Финляндияда баспасөз картасын алу міндетті емес, себебі оның заңды күші жоқ. Бірақ журналистер Одағының мүшелері әртүрлі жұмыс жағдайында өзінің кәсіби мәртебесін көрсете алатын баспасөз картасын алады. Мысалы, картамен мұражайларға, көрмелерге, жәрмеңкелерге және басқа да іс-шараларға тегін немесе жеңілдікпен кіруге болады.
Аустрия
Аустрия заңында баспасөз картасы туралы ереже жоқ. Елде баспасөз картасын журналистерге төрт ұйымның қолдауына ие қамқоршылық кеңесі береді, олар: Аустриялық газеттер қауымдастығы, Аустриялық журналдар мен мамандандырылған медиа қауымдастығы, журналистер Одағы және Аустриядағы фототілшілер, баспасөз агенттіктері мен кинорепортерлер синдикаты.
Баспасөз картасы билікпен қарым-қатынас, зерттеу жүргізу мен аккредиттеу кезінде жұмыс құралы ретінде қолданылады. Баспасөз картасын алған адам жарна төлейді. Картаны берудің және күшін жоюдың өзіндік тәртібі бар.
Дания
Данияда журналистерге баспасөз картасын берумен төрт ұйым айналысады: Дания газеттері қауымдастығы, Дания журналистер қауымдастығы, графикалық қауымдастықтың медиа-тобы және Данияның баспасөз қауымдастығы. Карта негізінен құқық қорғау органдарымен жұмысқа арналған: мысалы, баспасөз-картасы журналистерге оқиға орнынан репортаж жасауға мүмкіндік береді.
Ирландия
Ирландияда баспасөз картасын мемлекеттік орган бермейді. Мұнымен Ұлттық журналистер одағы айналысады, одақ мүшелеріне баспасөз картасы беріледі. Ол мемлекеттік органдармен, полициямен, әскерилермен және т.б қарым-қатынас кезінде қолданылатын мәртебеге ие, сонымен қатар Ұлыбритания аумағында да дәл осындай күші бар.
Чехия
Чехияның журналистер синдикаты ұйым мүшелеріне баспасөз картасын береді (бұл мүшелік туралы куәлік болып саналады), алайда оның заңды күші жоқ. Карта журналиске тек қосымша құрал ретінде көмектеседі. Сонымен қатар, синдикатқа мүше журналистер Журналистердің халықаралық федерациясынан халықаралық баспасөз картасын ала алады.
Латвия
Латвиядағы ашық деректерде заңды түрде енгізілген баспасөз карталары туралы ақпарат жоқ. Дегенмен журналистер кейбір іс-шараларға қатысу мақсатында Латвиядағы журналистер қауымдастығы арқылы арнайы картаны алу мүмкіндігіне ие.
Баспасөз картасының ерекше ықпалы жоқ, немесе ол туралы ақпарат аз елдер
Эстония
Баспасөз картасы Эстониялық журналистер қауымдастығының мүшелеріне беріледі. Бірақ оның заңды күші жоқ. Елдің медиа қызметтер туралы заңында баспасөз картасы жайлы ештеңе жазылмаған.
Нидерланды
Бұл елдің заңнамасында да баспасөз карталары жайлы ереже жоқ. Алайда журналистер құқығын қорғаумен айналысатын Нидерланды журналистер одағы картаны бере алады.
Португалия
Португалияның заңнамасында да баспасөз карталары жайлы ақпарат жоқ. Картаны екі қауымдастық бере алады: Халықаралық баспасөз клубтарының қауымдастығы және журналистер Одағы.
Румыния
Румыниядағы баспасөз карталарының заңнамада бекітілгені туралы нақты деректерді таппадық. Журналистер Халықаралық журналистер федерациясының баспасөз картасын Румыниядағы MediaSind журналистер Одағы арқылы ала алады.
Словакия
Словакияда да, біз зерттеген басқа елдердегідей, баспасөз картасын мемлекеттік орган беретіні туралы ақпарат жоқ. Мұнда журналистер Халықаралық журналистер федерациясының баспасөз картасын тәуелсіз журналистер Қауымдастығы арқылы ала алады.
Швеция
Швецияда, Еуроодақтың өзге де елдері секілді, баспасөз картасын журналистер қауымдастығы арқылы алуға болады. Мемлекеттік органдар беретін баспасөз карталары туралы желіде ақпарат жоқ. Швеция – баспасөз бостандығы жағынан әлемдегі көшбасшылардың бірі.
Польша
Ашық деректерде Польшадағы журналистердің заңмен мақұлданған баспасөз картасын алатыны туралы ақпарат жоқ. Журналистер құқығын қорғайтын Польшадағы журналистер Қауымдастығы өз мүшелеріне баспасөз картасын беретіні белгілі.
Литва
Литваның журналистер одағы арнайы баспасөз картасын бермейді, алайда журналистер Халықаралық журналистер федерациясынан баспасөз картасын ала алады. Ол екі жылға дейін жарамды.
Люксембург, Мальта, Словения, Испания, Греция, Венгрия, Болгария, Хорватия елдерінің заңнамаларында баспасөз карталары туралы сөз жоқ.
Баспасөз картасы және Түркиядағы баспасөз бостандығы
Түркияда баспасөз картасы 1984 жылдан бастап заңмен реттеледі, және сол кезден бастап билік оны бірнеше мәрте журналистің құқығы мен мүмкіндіктерін шектеу құралы ретінде пайдаланған. Ал соңғы онжылдықта мұндай жағдайлар тіпті көбейіп кетті, ал заң баспасөз картасын тәркілеп алу және оны алу ережелерін қиындату жағына қарай өзгеріп келеді.
2016 жылдың 15 шілдесінде төңкеріс жасау әрекеті сәтсіз болып, төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін 34 журналистің баспасөз картасы кері қайтарып алынғаны белгілі болды. 2016 жылдың қорытынды есебінде түрік медиасы 778 журналистің баспасөз картасының күшін жойғанын хабарлады.
2018 жылы Баспа туралы заңға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес баспасөз картасын беруге премьер-министрдің таратылған кеңсесінде орналасқан Басты баспасөз және ақпарат басқармасы емес, дәл сол жылы құрылған Түркия президентінің байланыс Басқармасы жауапты болды. Мұндай қадам БАҚ-да үлкен сынға түсті, себебі, олардың айтуынша, енді тәуелсіз журналистердің баспасөз картасын тартып алу оңай болады.
2021 жылдың маусымында «Шекарасыз репортерлер» баяндама жасады: байланыс Басқармасы баспасөз картасын беруге жауапты болған үш жыл ішінде 10486 өтініштің 1371-і кері қайтарған. Бұған қоса 2019 жылдан бастап 1238 баспасөз картасының күші жойылған. Картаны бермеудің себептерінің қатарында «мамандықтың абыройына нұқсан келтіру әрекеттері» және «ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекет немесе қоғамдық тәртіпке қауіп төндіру» деген сөздері бар.
Бір қызығы, 2021 жылдың сәуірінде Алдыңғы қатарлы журналистер Қауымдастығының арыз-шағымынан кейін Түркияның Мемлекеттік кеңесі (жоғары әкімшілік сот – ред.) баспасөз картасын қайтарып алуды жеңілдететін 2018 жылғы ережелерді уақытша тоқтатқан. Дәлірек айтқанда, Кеңес баспасөз картасы «мамандықтың абыройына қарсы әрекет» және «ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекет» сияқты түсініксіз себептермен қайтарылмайды деген қорытынды жасады.
Алайда мамыр айында Байланыс басқармасының жетекшісі бұрынғы ережелердің орнына «баспасөз картасын жамылып, терроризм мен зорлық-зомбылықты насихаттауға» тыйым салатын жаңа ереженің енгізілетінін хабарлады. Түркия журналистер Одағының төрағасы Гёкхан Дурмуштың айтуынша, жаңа ереже бұрынғыдан да жаман болып шықты.
2022 жылдың 13 қазанында Түркия парламенті баспа туралы заңға, ғаламтор туралы заңға және қылмыстық кодекске кезекті түзетулер енгізді. Олар әлеуметтік желілерге иелік ететін IT-компанияларын да басып тастады, және «ішкі және сыртқы қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп пен елдің әл-ауқаты туралы жалған ақпарат таратқаны үшін» үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Өзгерістер баспасөз картасына қатысты ережелерге де әсер етті. Енді жаңалықтардың онлайн-ресурсының қызметкерлері де баспасөз картасын алуға өтініш берулері керек, ал оны қайтарып алудың себептерінің бірі «журналист этикасының қағидаттарын бұзу» болуы мүмкін.
Түзету енгізгенге дейін де баспасөз картасын алу ережелері оңай болмаған еді, ал енді билік ғаламтор желісін өз бақылауына алғаннан кейін Түркиядағы баспасөз еркіндігінің онсыз да мүшкіл жағдайы тіпті сорақыланып кетті. 2022 жылғы қазан айының басында сөз бостандығы мен журналистердің құқығын қорғайтын 22 халықаралық ұйымның Түркия парламенті мүшелерін түзету енгізуге қарсы дауыс беруге шақырғаны бекер емес еді.
Түзету енгізілетін күні Amnesty International құқық қорғау ұйымы «Желідегі сөз бостандығы мен баспасөз үшін кезекті қаралы күн» туғанын мәлімдеді. Британдық Article 19 құқық қорғау ұйымы бұл түзетулерді кезекті сайлау алдында цензураға әкелуі мүмкін «қауіпті әрі антиутопиялық» өзгеріс деп атады.
«Шекарасыз репортерлердің» баспасөз бостандығы индексінде Түркия 180 елдің ішінде 149-орында тұр (Қазақстан – 122-орында – ред.). Елдегі БАҚ-ның 90%-ы биліктің бақылауында. Төрт жыл бойы, 2016 жылдан 2019 жылға дейін (2016, 17, 18, 19) «Журналистерді қорғау комитеті» халықаралық үкіметтік емес ұйым дайындайтын рейтингте Түркия тұтқынға алынған журналистердің (ағылшынша — worst jailers of journalists) саны бойынша көш бастап келді. 2020 жылы Түркия үштікке кіріп, Қытайдан кейінгі екінші орынға жайғасты, ал 2022 жылы – алғашқы бестікке кіріп, төртінші орынға ие болды.