Алматының қазіргі әкімі Ерболат Досаев BRT линияларының құрылысында қателіктер кеткенін мойындады. Енді әкімдік қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жаңа жоспар әзірлеуде.
Әкім Ерболат Досаевтың тұрғындармен кездесуі барысында Бостандық ауданының бір тұрғыны қаладағы автобус жолақтары тудырып отырған қолайсыздықтар жайында сұрақ қойды. Оның пікірінше, автобус жолақтары мен қаптаған жүргінші өткелдерінің кесірінен кептеліс көбейіп, қала ауасының ластану деңгейі өсіп кетті.
Автобустардың арнайы жолақтары мен олардың қазіргі схемалары бойынша біз қазір ревизиялау мен оңтайландыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ондай автобус жолақтары әлемдегі ірі мегаполистердің бәрінде бар, тек олар тиімді жұмыс істеуі керек. Ал біз болсақ, өзімізге өзіміз қиындық туғызып қойыппыз. Қалаға BRT қажет, бірақ оны басқаша ұйымдастыру керек сияқты. Қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоспарымыз бар, онда бастапқы кезеңде жол берілген барлық қателіктер ескеріледі,
деген жауап берді Алматы әкімі.
Айта кетсек, Алматыда алғашқы автобус жолақтары 2018 жылы ашыла бастаған еді.