Абай облысында жантүршігерлік оқиға болды. Бала күтушінің қолында қалған 4 жасар бала өлі табылды. Баланың денесін күтушінің күйеуі тасжол бойында тұрған әжетханаға лақтырып кеткен.
Қыркүйектің басында болған оқиға туралы құқық қорғаушы, «Немолчи» қорының басшысы Дина Таңсәрі мәлімдеді. Семей тұрғыны баласын күтушіге қалдырып кетіп, алып кетуге келгенде таба алмай қалған. Әлгі әйел баланы құрбысымен ертіп жібергенін айтып, беті бүлк етпей отырыпты.
Алайда шындықтың шымылдығы көп ұзамай ашылды.
Белгілі болғандай белгісіз себептермен қайтыс болған баланың денесін күтушінің күйеуі спорттық сөмкеге салып, тасжол бойындағы әжетханаға лақтырып кеткен. Күтуші баланың талмасы ұстап, артынша көз жұмғанын айтқан. Шошып кеткен ерлі-зайыптылар жауапкершіліктен қашу үшін денеден құтылғанды жөн көрген-міс.
Қазіргі таңда баланың анасымен байланысқа шығу қиын болып отыр. Ол 21 қыркүйектен бастап өз-өзіне келе алмай жатыр. Эмоционалды күйзеліске түскен. Бүлдіршіннің анасы жетім өскен, туған-туыстары жоқ. 4 жасқа дейін баласын асырып, осы күнге дейін жеткізген ана бір күн ішінде баласынан айырылып қалды. Ол баласын асырау үшін маусым айында ақша табуға кеткен. Сондықтан таныстарының ұсынған күтушісіне тастап кетуді жөн көрген. Ол күтуші өзі 4 баланың анасы екен. Бірінші рет баласын өзге адамға тастап кетуге шешім қабылдаған екен. Жұмыстан оралып, 10 қыркүйек күні баласын алып кетуге келіп, осындай арты толмас қайғыға тап болды.
Ал бейкүнә бүлдіршінге осыншама қорлық көрсеткен екі күдікті қазір ұсталды. Пікір білдірушілер баланы көмгісі келгенін, алайда көлігі сынып қалғанын жазып жатыр. Басқа нұсқалар бойынша, күтушінің күйеуі баланы абайсызда ұрған, ал ол үтікке құлап мерт болған. Басқа дереккөздерге сүйенсек, мәйітханаға жеткізілген баланың басы езіліп, көзі шығып кеткен.
Медициналық сараптама барлық шындықты көрсетеді деп үміттенеміз.
Аталған оқиғаға қатысты пікір білдірген Абай облыстық полиция департаменті қазіргі кезде тергеу басқармасы бүлдіршіннің қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастағанын мәлімдеді.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілуге жатпайды,
делінген ПД хабарламасында.
Қазір баланың анасына білікті адвокат керек. Ол өзін ғана емес, баласын өлтірген күдіктілерден қорғануы керек. Олардың кінәсін дәлелдеу керек. Түрмеге қамату керек. Дина Таңсәрі барша қазақстандықтарды белсенді ат салысуын сұрайды. Қазір күтушінің үйіне жіберілгені, оның екі баласы мемлекеттік мекемеге орналастырылатыны мәлім болды.
Айуандықпен өлтірілген баланың есімі – Темірлан. Небәрі 4 жаста еді.