Күні кеше «Түлектердің 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді, ал бұл экономикамызға үлкен қауіп» деп министрлікке сауал жолдаған депутат Динара Наумова бірыңғай ұлттық кәсіптік бағдар беру орталығын құруды ұсынды. Бұл орталық немен айналысады және салада шынымен жағдай тым нашар ма — профориентолог Меруерт Байленовадан сұрап білдік.
Орталық та қажет, әдістемелік құрал да керек
Бірыңғай ұлттық кәсіптік бағдар беру орталығын құру қажет деп есептеймін, өйткені былтыр біраз облыстарда кәсіптік бағдар беру маманы мектептерде енгізілді. Психологтар жұмыс жасап жатыр, бірақ оларда нақты бір жоспар, әдістемелік құрал, сабақ жоспары жоқ. Олар өз білгендерінше жұмыс жасап жатыр. Кейбір мектептер есеп үшін түрлі бағдарламалар, түрлі кездесулер өткізіп қояды. Мамандар кәсіптік бағдар беру бойынша шетелдің тәжірибелеріне қарауға мәжбүр, бірақ олардың да әдістемелік құралдары біздің мемлекетке аса сай келе бермейді. Осындай проблемаларға жолықты. Қазақстанда профориентологтар даярлайтын курс өткізіп жатқандар бар. Қазақстанда профориентологтар даярлайтын курс өткізіп жатқандар бар. Оның ішінде Жадыра Тойбайдың, Айдар Айдралиевтің курсын атап өтейін. Өзім Жадыра Тойбайдың курсын бітірдім және сол курста куратормын. Соны бітірген мұғалімдердің бірталайы мектепте профориентолог болып жұмыс жасайды. Мектепте жұмыс істеп жүрген профориентологтардың көбісі неден бастарын білмейді, қандай тақырыптарды өткізерін білмейді. Біз қолымыздан келгенше бағыт-бағдар беріп отырдық.
Кәсіптік білім беру орталығы оқушыларға көмектеседі деп ойлаймын, өйткені ол жерде мұғалімдермен, ата-аналармен, оқушылармен түрлі бағытта жұмыс жүргізуге болады. Оқушылар түрлі мамандықтармен танысып, болашақта қандай мамандықтар сұраныста болатынын, қазіргі мамандықтардың болашақта қандай болатынын біле алар еді. Өйткені көбі бұл туралы ойлай бермейді, ал төрт жыл оқыған соң бұл мамандықтар сұраныстан шығып қалуы да мүмкін.
Бүгін сұраныстағы мамандық ертең қажетсіз болып қалуы мүмкін
Мамандықтарға сұраныс төрт жыл тұрмақ, бір жылдың ішінде өзгеріп кетіп жатыр. Мысалы, соңғы кездері копирайтерлер үлкен сұраныста, табысы жоғары болғанымен, болашақта олардың жұмысын жасанды интеллект жасай алуы мүмкін. Егер олардың жұмысы жолға қойылса, копирайтерлерге сұраныс бір жылдың ішінде азайып кетуі мүмкін. Уақытты, ресурстарды үнемдеу үшін, әрине, жасанды интеллект барынша игерілетін болады. Болашақта робот істей алатын жұмысты роботтарға беретіні анық.
Диплом үшін оқу — сәтсіз шешім
Иә, ата-аналар арасында «Бір дипломың болсын» деген принцип әлі де бар. Әсіресе, қазақтар қыздарын «тұрмысқа шыққанда ұялмай жүрсін» деген оймен оқытуға тырысады. Алайда, өзім «Әйтеуір бір дипломым болсын», «Әйтеуір грантқа түссем болды» деген принципті аса қолдамаймын. Қазір университет бітірген мамандардың 40%-ы өз дипломы бойынша жұмыс жасамайды. Өйткені университетте теория жүзінде оқытқанымен практика жүзінде аса көп тәжірибе болмайды ғой. Сондықтан ЖОО-ны бітіргеннен кейін бұл мамандықпен жұмыс істеуге қабілеті, интеллектісі жетпейтінін, қызығушылығы жоқ екенін түсінгеннен кейін ол салада мүлдем істегісі келмейді. Немесе дипломы бойынша жұмысқа орналасатын болса табысы аз болуы мүмкін, сондықтан ол мамандықтан бас тартып, такси жүргізіп немесе даяшы болып, көбірек табыс табуды қалайды.
ЖОО — бұл бірінші кезекте орта
Жалпы мен түлектердің өз қабілетін анықтап, өзінің интеллекті жететін, мотивациясы жететін мамандықты алып шыққанын қалаймын. Өйткені, біріншіден, «дипломы бар, оқыған» деген статус болады. Екіншіден, ол жерден бала жақсы орта табады. Яғни мәселе тек диплом алуда емес, баланың әлеуметке қосылуын, араласуын да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ дипломы болуы адамға сенімділік береді.
Университет оқып жүріп-ақ тәжірибе жинай бергені дұрыс. Өйткені университетті бітіргеннен кейін де жұмысқа орналасуға барса, жұмыс беруші дипломына емес, адамның ниетіне, тез бейімделуіне, жауапкершілігіне қарайды.
Белгілі бір салада дипломың болғаны, әрине, дұрыс. Тіпті басқа салада біліміңді жетілдіріп, квалификация ауыстыру үшін де дипломың сұралады. Сондықтан «оқыған» маман болу өзекті деп ойлаймын. Жетілген технологияны меңгеру үшін де бұрынғы технологиядан хабарың болу керек. Қайда барсаң да бәрібір «бір парақ» дипломыңды сұрайды. Дипломы жоқ адам бәрібір өзіне сенімсіздеу болады деп ойлаймын. Осылайша көптеген мүмкіндіктерден құр қалуы мүмкін.
Түлектерге кеңес
Түлектер «Әйтеуір бір дипломым болсын» деп емес, қандай да бір қызығушылығын, қандай да бір қабілетін қанағаттандыратындай мамандық таңдаса деген тілек. Алланың берген қасиеттерімен ЖОО-да алған біліммен ұштастырып, болашақта сұраныстағы маман болу әлеуеті жоғары. Егер саған таңнан кешке дейін офисте отыру ұнамайтын болса, көп адаммен сөйлесу ұнамайтын болса және т.б. нюанстарды ескеріп, соған сай мамандықты таңдау керек. Сондай-ақ ЖОО-да алған біліммен қатар, икемділік, бейімділік, жауапкершілік, жан-жақтылық сияқты қасиеттер де маңызды. Қазірден бастап түрлі үйірмелерге барып, кітап оқып, адамдармен сауатты қарым-қатынас жасауды үйрену, жаңа технологияларды жетік меңгеру көп мүмкіндіктерге жол ашады.
Ата-ана мен баланың қалауы басқа болса
Баланың таңдаған мамандығы ата-анасына ұнамайтын жағдайлар көп болады. Мұндайда бала ата-анасына қарсы шықпай, тек таңдаған мамандығының артықшылықтарын біртіндеп айта беруді ұсынар едім. Осы салада қандай жұмыстар істеуге болатынын, қандай танымал мамандар бар, олардың жетістіктері қандай, болашаққа деген сенімінің зор екенін көрсетуі керек деп ойлаймын.
Сондай-ақ ата-анасы таңдаған мамандықта оқып, бірақ ол мамандығы өзіне ұнамай, дипломды ата-анасы үшін алып беретін де жағдайлар көп. Мұндайда қайта даярлау курстары, жаңа технологиялар көмекке келеді.