Балаларды қорғау күнін тойладық. «Бүлдіршіндер біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі» деген көлгір құттықтаудан бұрын сол балалардың қалай өмір сүріп жатқаны туралы айтайықшы.
Қазір Қазақстанда 6 миллионнан астам бала бар.
оның 1 миллионы табысы ең төмен отбасында өсіп жатыр.
Елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдай өзгермесе ол балалар кедейлік шегінен өмір бойы шыға алмайды. Олар болашақта «жоғалған ұрпақ» қатарын толықтырады. Бұны сарапшылар айтады.
2019 жылы ақпанда Астанада уақытша баспананы жалдап тұрып жатқан көпбалалы отбасының бес бірдей бүлдіршіні тірідей өртеніп кетіп еді ғой, естеріңізде ме? Қазақстанда дәл осылай пәтер жалдап, айлықтан-айлыққа дейін әрең өмір сүріп жатқан 400 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар.
Алысқа бармай ақ Алматының Шаңырақ, Айгерім, Ақбұлақ, Дархан, Өжет ықшам аудандары мен Алтын Орда базарының маңайында тұрып жатқан халықты қараңыздар.
Бұған қоса Республика бойынша 520 мыңнан астам отбасының бір ғана асыраушысы бар. Оның ішінде 450 мыңнан астамы жалғыз басты аналар, 68 мыңнан астамы жалғыз басты әкелер.
Бүгін «қорғайды», ертең ұмытады қорғауды, депті пікір білдіруші. Расымен,
бала күнделікті қорғалуы керек. Қаңғыбас иттерден, кәдімгі дүкендерден де қорғалуы керек. Интернеттен, тіпті мектептен де қорғалуы керек. Ата-ананың мұның бәріне шамасы жетпейді.