Өнеркәсіпті дамыту қоры (ӨДҚ) жеңілдікті автонесиелеу бағдарламасын іске асырудың аралық қорытындылары туралы айтып берді.
13 шілдедегі жағдай бойынша жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына қатысушы банктер 90 млрд теңге сомасына 11 825 өтінімді мақұлдады, олар бойынша жалпы сомасы 59,546 млрд теңгеге 7 852 автомобиль берілді.
Қазіргі уақытта қатысушы банктер мақұлданған өтінімдер бойынша автонесиелер беру жөніндегі қорытынды рәсімдерді жүргізуге байланысты қаржыландыру лимиті босатылғанға дейін өтінімдерді қабылдауды уақытша тоқтатты,
дейді қордағылар.
ӨДҚ-да босатылған лимиттер шеңберінде қаражат болған жағдайда қатысушы банктер өтінімдерді қабылдауды қайта бастауды жоспарлап отырғанын атап өтті. Олардың бірі 10 млрд теңгеге кезекті траншты алу рәсімін бастады, оны аяқтау тамыз айында жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, жеңілдетілген автонесиелеуді қаржыландыру бағдарламасы 30 жылға есептелген. Лимиттерді толық игергеннен кейін автонесиелер беру бастапқы қарыз алушылар қайтаратын кредиттік төлемдер есебінен несиелеудің револьверлік тетігі негізінде жүзеге асырылатын болады, одан кейін қатысушы банктер автонесиелер бойынша өтінімдерді жинауды жалғастырады.