Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев азаматтарға үндеу жасады. Үндеуді Бас прокуратураның баспасөз қызметі жариялады.
Жандос Өмірәлиев отандық ақпараттық кеңістікте және әртүрлі әлеуметтік медиада түрлі тақырыптағы көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кеткенін мәлімдеді.
Бұл ретте жекелеген блогерлердің арандатушы мәлімдемелері және әлеуметтік желі қолданушыларының ұлттық алауыздық тудыратын белгілері бар комментарийлері бар.
Нақты азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, сондай-ақ бірқатар танымал адамдарды ұстау және қылмыстық жауапқа тарту туралы жалған хабарламалар жарияланып жатыр. Мұндай фейк мәліметтер қоғамда жалған пікір қалыптастырып қана қоймай, қоғамдық тәртіпке де теріс әсер етуі әбден мүмкін. Осындай шындыққа келмейтін мәліметтерді таратуды көбіне блогерлер қасақана, өздерінің және үшінші тұлғалардың мүдделері үшін жүзеге асырады. Олардың мақсаты – жеке пайда табу және бопсалау арқылы материалдық табыс көру,
деді Жандос Өмірәлиев.
Бас прокуратура ұлттық алауыздықты қоздыруға, қорқытып алуға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекет Қылмыстық кодекстің 174, 194 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауапқа тартылатынын айтады.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ел азаматтарын, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, әлеуметтік желі қолданушыларын заңнаманы бұлжытпай сақтауға және жоғарыда келтірілген кез келген құқық бұзушылыққа жол бермеуге, арандатушылыққа бой алдырмауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады,
деді Жандос Өмірәлиев.