Бразилияда дәрігерлер ота арқылы бас сүйектері жабысып туған сиам егіздерін сәтті ажыратты, деп хабарайды BBC агенттігі.
Мұндай егіздерді «краниопаг» деп те атайды. Рио-де-Жанейродағы үш жасар Бернардо мен Артур Лимаға лондондық Рейт-Ормонд балалар ауруханасы дәрігерлерінің басшылығымен ота жасалды. Дәрігерлер балаларды қауіпсіз ажыратудың жолдарын іздестіріп, бір айдан астам уақыт дайындалған.
Хирург Нур уль Овасе Джилани отаны «ғарыштық дәуірдің жемісі» деп атады. Сөзінше, әр елдің дәрігерлері алғаш рет «виртуалды бөлмеде» бірге жұмыс істеген. Gemini Untwined (егіздерді ажырату) клиникасының негізін қалаған дәрігер Джилани бұған дейін Пәкістан, Судан, Израиль және Түркияда егіздерді ажырату бойынша ота жасаған.
Егіздерді институтқа ата-анасы екі жарым жыл бұрын алып келген. Осы уақыт аралығында олар бақылауда болған. Егіздерге барлығы 7 ота жасалып, соңғысы 27 сағатқа созылды. Оған 100-ден астам дәрігер қатысты.
Бернардо мен Артура ажыратылған соң қан қысымы мен жүрек соғысы бірден жоғарылап кеткен. Дәрігерлер мұндай жағдай барлық сиам егіздерінде болатынын айтады. Төрт күннен кейін олар бір палатаға жатқызылып, бір-бірінің қолынан ұстауға мүмкіндік берген. Тек осыдан кейін ғана қысым қалпына келіпті.
Егіздер қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Алдағы уақытта олар 6 айлық сауығу кезеңінен өтеді.
Статистика бойынша сиам егіздері әр 50-60 мың жағдайда бір рет дүниеге келеді. Ал олардың тек 5%-ы ғана краниопаг болады екен.