Алматы облысында орналасқан мектептердің бірінің асханасында бастауыш сынып оқушыларына мерзімі өткен тамақ таратқан. Бұл оқиға әлеуметтік желіде пайда болды.
Кішкентай оқушыларға тегін ыстық тамаққа қосымша берілетін сүзбелер мерзімі екі жыл бұрын өтіп кеткен. Қаптамада 2021 жыл көрсетілген.
Мерзімі баяғыда өтіп кеткен сүт өнімдері денсаулыққа өте қауіпті және улануға әкелуі мүмкін. Мектепке мұндай өнімді әкелуге кім рұқсат етті? Қадағалауға тиісті басшылық қайда?
Балалар жүрек жалғауға тиісті бұл өнімдердің түрі де нашар. Қоймада шаң басып жатқан жерінен әкелінген сияқты. Алаңдаған қоғам белсенділері мен ата-аналар жедел шара қабылдауды талап еткен еді. Артынша Қарасай аудандық білім басқармасы шұғыл жұмыс тобы құрылып, Ораз Жандосов орта мектебінің асханасы тексерілгенін мәлімдеді.
Аталған ақпаратты анықтау мақсатында білім бөлімінен шұғыл жұмыс тобы шығып, тексеру қорытындысы бойынша тамақтану сапасына мониторинг жүргізу актісі толтырылды.
«Растишка» сүзбешесі, «Айналайын» сүт өнімінің де мерзімі өткендігі анықталып, қолдануға тыйым салынды. Жауапты мамандардан түсініктеме алынып тәртіптік шара қолданылды. Жеке кәсіпкерге хабарлама жіберіліп, асхана жұмысы қатаң бақылауға алынды.