Бекболат Тілеухан Қазақстанға оралып, журналистерді сотқа бермек.
Түркияның азаматтығын алуға өтініш берді деген жаңалық пен соған байланысты қазақтардың жазған зәрлі посттары мен ащы комменттері Түркияда жүрген экс-депутат Бекболат Тілеуханға қатты тигенге ұқсайды.
Мұндай қорлыққа шыдамаған ол әлгі ақпараттың жалған екенін айтып, арнайы мәлімдеме жасап, сол ақпаратты таратқан сайтты сотқа беретінін жеткізді.
Ақылға сыймайтын нәрсе еді, ел нанбайтын шығар деп ойладым. Сөйтсем, кәдімгідей ел иланып жатыр, мен басқа елдің азаматтығын алуға өтініш беріпті дегенге. Ақылға сыймайтын, қисынға томпақ нәрсеге нанып жатыр. Менің ана Данияр, Олжас, Қуат сияқты бауырларым, мен үшін бір аяулы болған аңғал, батыр, нанғыш жігіттер бар. Солар нанып, шашып пост жазғанын көрген кезде, осындай мәлімдеме жасамасам болмайтынына көзім жетті. Айтайын дегенім, қадірлі бауырлар, мен ешқандай да бөтен елдің азаматтығын алуға өтініш бергем жоқ. Аллаһ куә. Өлләһи. Қазақстанда екі азаматтыққа тыйым салынған. Көк паспорттан менің айырылатын ойым жоқ. Сайқал саясаткерлердің қисынсыз жаласына сенбеңіздер! Кәдімгі жала бұл! Сенбеңіздер, «Ұлысмедианы» сотқа берем. Сотта кездесеміз, аманшылық болса. Өтірікке нанушы болмаңыздар,
деді Бекболат өз аузымен.