Ұлттық Банк базалық ставка бойынша шешімін жариялады. Базалық мөлшерлемені жылдық 16,75 пайыз деңгейінде ұстау туралы шешім қабылдады. Себебі, біз инфляцияның (20,3%) шарықтау шегіне жеттік және инфляция ақырындап төмендей бастайды.
Жоғары базалық ставка кредитті қымбаттатты да, керісінше жинақтау моделі күшейді. Нарықтан басы артық ақша кетіп қалды.
Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындады. Оның қазіргі деңгейі жеткілікті жоғары деп бағаланады. Базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы бүгінгідей мәндерде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа проинфляциялық күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту ықтималдығы төмен деп бағаланады,
деп Ұлттық Банк өзінің былтырғы хабарламасында жазған болатын.
Осы циклдің аяқталғанын көріп отырмыз. Мұндай жағдайда базалық ставканы осы мәнде ұстай тұрған тиімді болады. Оны тез арада түсірудің де қажеті шамалы.
Экономиканы кредиттеу мен базалық ставка арасында тұрақты корреляцияның жоқ екенін байқап отырмыз. Мысалы, макроэкономикалық жағынан 2022 жылды 3,1% өсіммен аяқтадық. Бұл жоғары ставканың экономикалық өсім бойынша Үкіметке қойылған KPI-ға еш кедергі болмағанын көрсетеді. Демек, Үкімет те бір жеңілдеп қалуы тиіс және биыл фискалды саясатын Ұлттық Банктің монетарлы саясатымен көбірек үйлестіруге өзі де ынталы болады дегенді аңғартады.