«Биыл билік жылу беру маусымына белсенді түрде әзірленді», — деп жауап берді ведомство басшылығы БАҚ-тағы сынға орай.
Билік жылу беру маусымына белсенді, мұқият дайындалса, бір емес, бірнеше аймақта неге апат болды?
Сонда белсенді даярлығы осындай болса, басқасы қандай болмақ? Шынында да, биліктің беті қалың екен. Қыс басталмай жатып, бір емес, бірнеше апатпен бетпе-бет келсе де, өздерінің шикілігін мойындамайды, деп жазды TengeLife.
Сонымен, апат орын алған аймақтардағы жылумен жабдықтау жағдайы жайында Энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Илья Рожков түсініктеме берді.
Оның сөзіне қарағанда, бұл ведомство энергия көздері мен электр желісінің қызметін бақылайды. Ал Степногорск, Балқаш және Ақтау сынды қалалардың жылу желілерін бақылау жергілікті атқару органдары мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құзырында.
Министрлік өкілі Ақтау қаласының 11 ықшамауданында орын алған апат жайында айта келе:
«11 метрлік жабдықты орнату жедел ұйымдастырылды. Жөндеу жұмыстары аяқталып, тұрғындарға жылу беру үшін желі толтырылды. Ақтау қаласында сыртқы судың температурасы екі градус.
Бұл қыс кезінде қалыпты көрсеткіш», — деді.
Бұған қоса, Рожков биыл жылу беру маусымына билік белсенді дайындалғанын жеткізді.
Осы мақсатқа, бұрын-соңды болмаған жұмыстарға 46 млрд теңге бөлінді. Оның 16 млрд теңгесі жеке иелік етушілердің қаржысы, 20 млрд теңге мемлекеттік резервтен берілді. Мысалы, Риддер жылу беру орталығының алты қазандығы қайта жаңғыртылды, Екібастұз жылу орталығын жабдықтау арқасында жылу үздіксіз беріліп келеді,
дейді ведомство өкілі.