Мәскеуде өтіп жатқан «Шахмат жұлдыздары» (Шахматные звезды) халықаралық турнирінде сенсация болды. Блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева жарыстың басты фавориті Сергей Карякинді жеңді. Бұл туралы спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.
Ресейлік спортшы әлемдегі ең мықты гроссмейстерлердің қатарына кіреді. Турнир комментаторларының айтуынша, Бибісараның блицте әлем чемпионы болғаны бірден байқалады, себебі ол Сергейдің керемет қорғанғанына қарамастан, жеңіске жетті.
Өз кезегінде ресейлік спортшы жеңілісі үшін еш ұялмайтынын айтты.
Мен мықты ойнайтын әлем чемпионынан ұтылдым,
деді Сергей Карякин.
Айта кетейік, жарыстың жүлдесі — 15 миллион рубль (99 926 868,12 теңге). Қомақты жүлде қорына Бибісара Асаубаева, Сергей Карякин, Александр Грищук, Теймур Раджабов, Раунаку Садвани, Франсиско Вальехо, Владислав Артемьев, Екатерина Лагно күресіп жатыр.