Бүгін журналист Әйгерім Тілеужанға әуежайды басып алуды ұйымдастырды деген айыппен бес жыл жаза кесуді сұрапты, прокурор.
Думан Мұхаметкәрімнің абсурд соты анау, деп жазды журналист Аян Қалмұрат.
Есіңізде болса, парламентке бірнеше журналист өткенде, осындағы көп журналист мәз-мәйрам болған, біздің өкілдер барды, әріптес депутат болды деп. Солардан журналистерге бір қайран болсашы. Сенатта қанша, мәжілісте қанша журналист отыр қазір.
Жүйені іштен өзгертіп, тәртіп қылам деп талай ақталған Мақсат Толықбайдың өзі не тұрады. Алдымен журналист партияға кірмеуге тиіс деп, артынан бірінен кейін бірі екі партияға кіріп үлгерген адам.
Солардың қазір әріптестерін қолдайтын, тәуелсіз журналистер үшін шырылдайтын, сөз бостандығы қайда деп аттандайтын сәті ғой. Ал олар қайда? Үндемейді. Өйткені рұқсат, тапсырма жоқ, немесе тапсырма басқаша. Сонда оның жүйені іштен өзгертем дегені не жайлы болған? Басқа журналистер қайда енді? Тіпті депутат болмаған журналистер неге үнсіз мына жағдайлардың бәрінде?
Өткен жолы да, бұрын да «арқалағаны алтын, жегені жантақ» жамағаттың биліктен сыйлық алғаны дұрыс емес дегенде, біреудің алғанын көре алмай, неге өз отандасымыз үшін қуана алмаймыз деп жәдігөйленгендерге мынау жағдайлар жақсы жауап.
Биліктен сыйлық алғанның салдары осылай болады. Алғаның алып қойып, алмағаның үндемесем маған да тамар деп, ісіңе де, мамандығыңа да, әріптестеріңе де сатқындық қылып бұғып отырасың.
Принципіңе деп айтпай-ақ қояйын. Ешқашан болмаған нәрсе, енді пайда болуы неғайбыл. Арқалап жүрген алтының сатқындық, сорлылық, бұқпантай көтектік, ездік пен екіжүзділік болса, жантақ та артық сендерге.
Бар журналист бұғып қалған жоқ. Айқайлап, шырылдап жүрген сол ат төбеліндей аз журналист. Биліктің қолын сүйіп, сыйлығын алмағаннан емес, алуды ар санайтын принципшілдігінен, ісіне адалдығынан. Солар тұрғанда әйтеуір ел нұрналистердің өтірігін, екіжүзіділігін біліп отырады.