Оқу-ағарту министрлігі барлық өңірдегі білім басқармалары басшысының ұялы телефоны мен әлеуметтік желідегі аккаунтын жариялады.
Министрлік еліміздің барлық аймағындағы білім басқармалары басшысының ұялы телефон нөмірі мен әлеуметтік желідегі аккаунтын жариялады. Онда орынбасарлардың нөмірі де көрсетілген. Бұл азаматтардың өтінішіне жедел жауап беру үшін жарияланып отыр.
Білім беру ұйымдары жұмысына, балаларды оқытуға және басқа да мәселелерге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда қазақстандықтар білім басқармалары мен аумақтық бөлімдер басшысына тікелей хабарласа алады. Ата-аналар, педагогтар білім саласындағы проблемалар жайында хабарлай алады. Басшылар азаматтардың өтінішіне жедел ден қойып, қажет шешімді уақытында қабылдауы қажет. Қаржыландыру, құрылыс, жөндеу жұмыстары әкімдіктердің құзырында екенін еске сала кетейін,
деді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Сонымен қатар білім басқармаларында call-орталықтар құрылды. Оған да азаматтар білім беру мәселелері бойынша хабарласа алады. Call-орталықтардың нөмірі әлеуметтік желідегі парақшаларда жарияланған.