2022-2023 оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды.
Дайын сертификаттарды талапкерлер Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының Grant.testcenter.kz сайтынан жүктей алады.
Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 80 мыңға жуық талапкер құжат тапсырды. Бұл былтырмен салыстырғанда 5 мыңға артық.
Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құрамында министрлік, мемлекеттік органдар, бiлiм саласы кәсiподақтары, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, БАҚ, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері болды,
делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми Telegram-каналында.
Бірнеше жыл қатарынан талапкерлердің таңдауы өзгеріссіз қалып отыр. Өтініштердің көбі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» мен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілді. Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс болашақ мұғалімдер, тіс дәрігерлері және инженерлер арасында болды.
Грантқа үміткерлер арасында балы тең болған жағдайда басым құқыққа ие болатын 20 мың талапкер, олардың ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар.
Естеріңізге сала кетейік, биыл әлеуметтік осал топтағы балаларға бөлінген грант саны артты. Көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар және ерекше білім беру қажеттігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан талапкерлер грант алуда басымдыққа ие болды. Оған қоса, ауылдан шыққан жастар үшін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға және ҚР азаматтығы жоқ ұлты қазақ жастарына квота қарастырылған,
делінген хабарламада.
Жоғары оқу орындарына құжаттарды 25 тамызға дейін тапсыруға болады.
Конкурстық iрiктеу қорытындысы ҚР Ғылым және жоғары бiлiм министрлiгiнің ресми Telegram-каналында және республикалық БАҚ беттерiнде жарияланды.