Міржақыпты, «Оян, қазақты» жаппай көрдік… егілдік… езілдік… бірақ ояндық па?
Кең жердегі аз ғана халықтың ауызбіршіліктен, мейірімділіктен жұрдай болып, қырық дінге, қырық ағымға, жүз қырық ұлтқа, үш жүзге, ру-руға бөлініп, одан қалса жауыздықтан, надандықтан, көреалмаушылықтан, өзін өзгеден күшті санағандықтан бір-бірін қырып, бір-бірін өлтіріп, бір-біріне зорлық-зомбылық жасайтыны — ең өкінішті, ең қасіретті жайт.
Күйеуі әйелін өлтіреді, әйелі күйеуін өлтіреді, ата-анасы баласын өлтіреді, баласы ата-анасын… әкесі қызын зорлайды, педофилі сәбилерді шырылдатып қорлайды… халықты қорғауға міндетті полиция қыз зорлайды, халықты тонайды, үтік басады, ұрады, қырады.
Қоғамда небір сұмдық жағдайлардың өршігені сонша, ондайға көзіміз үйреніп, құлағымыз үйреніп, етіміз өліп бара жатыр. Бұл екі есе қорқынышты психология… бір ұлттың селт етпес тасжүрекке айналуы — қоғамдық дерт…
Алдыңғы арба қайда жүрсе, кейінгі арба сонда жүреді,
деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.
Президенттен бастап, билікте отырған, мемлекетке, халыққа жауапты бүкіл билік адамдары (ауыл әкімдерінен бастап, құқық қорғаушы барлық сала қызметкерлері, судьялар, қысқасы Президентке дейін) халықты түзу жолға бастамаса, онда мемлекет те, тәуелсіздік те құрдымға кетеді.
Халық деген — тобыр, ебін тап та, жөнге сал!,
деген Абай атамыздың сөзін осыған дейін нән бастаған билік басындағылар «халықты қорқыту, үркіту, басыну» деп түсінді. Жоқ, олай емес. «Ебін тап та, жөнге сал» дегені — әр адамның адамдық құқығын қорға, заңды құқығын сақта, білмегенін үйрет, көзін аш, соқыр болса, жетекте, оқу-білімге, мәдениетке баста, артыңдағы жұртты адал жолмен әділ жолға баста дегені.
Халық та надандықты қойып, көкірегіне сәуле жағып, зорлық-зомбылыққа төзбеуге, әр адам өз құқығын қорғай білуге міндетті. Қашанғы әйелі күйеуінің қатыгездігіне төзіп, өмір бойы таяғын жеп өтуі керек? Қашанғы күйеуі әйелінің әділетсіздігін, арамдығын көтере беру керек? Қашанғы ата-ана баласын, баласы ата-анасын қорлау керек?
Президент құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесіпті.
Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, «ау, құқық қорғаушылар, біз осы қайда барамыз?» деп кеңес құрыпты.
Мемлекет басшысы заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.
Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел,
деді Президент.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Республика күні қарсаңында өткен жиында сөйлеген сөзінде Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет деген болатын.
Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдіске бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кездесу барысында қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдары мен сот инстанциялары қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.