Елде бұдан былай Kaspi қолданбасы арқылы некеге онлайн отыруға болады. Қолданбаның мемлекеттік қызметтер бөлімінде осындай опция пайда болды. Бар-жоғы үйленгіңіз келетін адамның ЖСН нөмірді енгізіп, ол өз қолданбасында мақұлдаса жеткілікті. Бірі бұл инновация бюрократияның алдын алып, өмірді жеңілдетеді десе, бірі некеге отырудың оңайлығы түрлі ағат әрекеттерге әкелуі мүмкін дейді.
Қаншама өтінім, әзіл мен пранктер болатынын сезіп тұрмын. Тіпті менің жекеме оқырмандарым ЖСН нөмірімді сұрап жатыр.
Айтпақшы, енді қыздар өз жігіттерін тексере алатын болды. Егер жігіт үйленген болса, Каспи «Бұл ЖСН бос емес» деп шығарады екен. Қырғын болайын деп тұр шамамен. Қазақстандық әйелдер хабарламамен қатар оның Kaspi шоты мен несиесі бойынша анықтамалар да келсін деп талап етіп жатыр 🙂 Айтпақшы, оқырмандар бір жынысты адамдар некеге тұра алмайтынын да тексеріп тастапты,
деп жазды журналист Сырым Итқұлов.
Ал блогер Назима Қорғанбекова біздің елде некені тіркеуді бұлай жеңілдетуге болмайды дейді. Бұл жастарды ессіз әрекеттерге итермелеуі мүмкін.
БОЛМАЙДЫ! Біз сияқты елде некені тіркеуді жеңілдетуге болмайды. Онсыз да бәрі әрең жүр. Онсыз да бәрі жастық шақта, ессіздікпен, «көтеріп қалғандықтан», ата-анасының қысымымен үйленеді.
Онсыз да ажырасулар мен бақытсыз жұптардың саны көп. Ал енді банк қолданбасы арқылы отбасын құруға мүмкіндік беріп отыр.
Бұл жағдайда бізге цифровизация емес, психологтар, психотерапевтер институты керек, түсіндіру жұмыстары керек,
деп жазды ол Телеграм арнасында.
Оның пікірінше, некеге тұру процедурасын барынша жеңілдету емес, қиындату керек.
Қазақстанда некені тіркеу процесі барынша күрделі процесс болуы керек, бюрократияға толы болғаны жөн. Отбасын құрғысы келетін ерлі-зайыптылар инстанциялар мен кабинеттерде жүгіріп шаршауы тиіс. Құжаттарды рәсімдеу сұмдық іс болғанда ғана олар ойланатын еді, шынымен бірге болғылары келе ме, әлде жоқ па.
Ойлануға кем дегенде жарты жыл уақыт беруі керек. Әлеуметтік қызметкерлерді бірге жұмыс істеуге қосып қойса тіпті жақсы болар еді,
деп қосты ол.
Сонымен қатар, оқырмандар жүйеден тағы бір олқылық тапты. Жүйе бір жынысты некені болдырмағанымен, әкесі мен қызының некесіне рұқсат беріп тұр.