Иә, бізге Блинкен келе жатыр.
«Бұл жолы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы мен қазақ билігінің арасында ауыр әңгіме болатын сықылды», дейді блогер Руслан Түсіпбеков.
Өйткені әңгіменің тақырыбы белгілі. Қазақстан билігі Ресейге көмектесіп, оның Батыс санкцияларын айналып өтуіне жол беріп отыр.
АҚШ тарапы Қазақстанға Батыс елдерінің тауарларын «параллельді импорт» деп қойып, контрабандалық жолмен тасуды осымен доғар деген талап қояр.
«Жоқ» деп Путиннің бетіне айтуға біздің «духымыз жетпейді» екен, ендеше Путинге біздің атымыздан Американың өзі сәлем айтпақ.
– АҚШ-тың қазақ билігін қысатын тетіктері өте көп. Ұжымдық Батысқа біздің шенеуніктеріміздің бір-екі шотын бұғаттаса да жетіп жатыр. Немесе кезекті бір «Панама құжаттарын» аша салады. Батыс Ресейге қарағанда әлсіз деп ойлайтындар қатты қателеседі. Керісінше, ең үлкен қорқыныш Батыстан келеді. Біздің элиталарымыздың бүкіл ақшасын әп-сәтте күлге айналдыра салу америкалықтардың қолында тұр.
Қазақстанның элитасы жиған-терген, ұрлаған ақшасын қай мемлекетте сақтаса, олар сол мемлекеттің қолындағы құлы. Ал қай қазақ шенеунігі ақшасын «Сбербанкте» сақтайды екен? Әлде олардың талантты ұл-қыздары мен немерелері Саратов мемлекеттік университетінде білім ала ма?
Сол себепті қазақ билігіне өтірік күжірейіп, Батысқа өтірік мінез көрсетудің қажеті жоқ. Керісінше, Ресейден барынша аулақтай беру керек. Ресей ендігі анық аутсайдер, – дейді Түсіпбеков.