Блогер, сценарист Перизат Мырзахмет қыз-келіншектерді зорлық-зомбылық тақырыбында үнсіз қалмауға шақырды. Сонымен қатар зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыз-келіншектерді сынайтын, түсінбейтін, кемсітетін, еркектермен жарыса жер қылатын қыз-келіншектерге үндеу жолдады.
Қазіргі Қазақстанда «менде және менің айналамда зорлық-зомбылық болуы мүмкін емес, өйткені мен етегіме намаз оқимын, тек жарықта жүремін, артық сөйлемеймін, ашық киінбеймін, ішпеймін-шекпеймін, сүттен ақ, судан тазамын» деп ойлап үнсіз отырсаңыздар – қателесесіздер.
Зорлаушылар ештеңеге қарап отырған жоқ. Кемпірді де, бүлдіршінді де зорлап жатыр. Ашық кигенді де, жабық кигенді де зорлап жатыр. Ішкен қызды да, сау отырған қызды да зорлап жатыр. Туған қызын да, өгей қызын да зорлап жатыр. Қызың не, ұлды зорлап жатыр. Клубта да, мектепте де, подъезде де, үйде де зорлап жатыр. Байдың қызын да, кедейдің қызын да зорлап жатыр. ЕШТЕҢЕ КЕПІЛ бола алмайды! Ештеңе тоқтата алмай тұр. Жалғыз кепіл – біз талап ететін, біз қолдайтын ЗАҢ ғана,
деп жазды Перизат Мырзахмет.
Заң күшке ену үшін, заң жұмыс істеуі үшін БІЗ сөйлеуіміз маңызды, деді ол. Ол туралы біз айтпағанда кім айтады? Кім заңды талап етеді? Зорлықшылар ма? Адам құқығын емес, «мужская солидарность» қорғап жүрген топас полиция ма? — деп сұрақ қояды қоғам белсендісі.
Өз кейстерін ашық айтып жатқан қыздар, аналар жалғыз өздері үшін шырылдап жүрген жоқ. Олар адамға құдай берген еркіндік пен әділдікті БІЗ үшін талап етіп отыр. Бәріміздің қалайтынымыз – қауіпсіз қоғам. Сондықтан қолымыздан келетіні шырылдаған әйелдердің даусын көбейту, тым құрығанда жер қылмау. Олардың құқығын үйдегі дастархан басынан бастап үлкен мінберлерде қорғау. Сабақта, кездесуде, эфирде, жазбада, кітапта — бәрінде осы тақырыпты қозғау. Шырылдаған әр қыз — батыр. Бірақ жалғыз батырдың үні де шықпайды, жасағаны да көрінбейді. Құлақ ас. Біз көппіз,
деп түйіндеді Перизат Мырзахмет.