Экономист Айбар Олжаев осындай қорытындыға келді. Айтуынша, жастар отбасын құрудан бұдан әрі де қашқақтай берсе экономика құрдымға кетеді.
Қазақстан халқының үйленгісі келмей қалды. Әсіресе алматылықтар отбасы құрудан қаша бастады. Ұлттық статистика деректеріне сай, бізде 2022 жылы 128,5 мың неке тіркелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 11,7 мың некеге аз,
дейді сарапшы.
Осылайша 17 жыл бұрынғы антирекорд жаңарып отыр. 2006 жылғы антирекордтың себебі түсінікті болса (ол кезде неке жасына келгендер КСРО күйрей бастаған жылдары, демографиялық құлдырау кезінде туғандықтан, саны аз болды да, неке де аз болды), қазір неке жасында 2000 жылдары, демографиялық бум кезінде дүниеге келген ұрпақ отыр. Олардың саны аз емес. Алайда некеге тұратындардың саны аз болып отыр.
Қазақстандағы адам саны көбейген сайын, ресми неке санының қысқаруы қалыптасқан тренд пе, әлде уақытша құбылыс па, осы жағын анықтау қажет болады. Ол үшін бізге 2023 жылдың статистикасын күту керек,
дейді Айбар Олжаев.
Айтуынша, әсіресе Алматы ресми неке санын бір жылда 25 пайызға қысқартқан. Алайда бейресми неке (мешіттегі) статистикасы белгісіз.
Қазақстан экономикасына ресми отбасылар ауадай қажет. Үй шаруашылықтары, отбасы институты экономиканың тірегі болып табылады. Тауар мен қызметтер тізбегінде сұранысты әртараптандыратын да – осы отбасы тұтынатын дүниелер.
Эмоцияны жиып қойып, математикалық тұрғыдан есептеп айтатын болсақ, бойдақ жас жігіттер мен зейнеткер ер адамдар экономика үшін ең пайдасыз элементтер болып табылады. Әңгіме бойдақтың тұтыну корзинасында — ол аз және біркелкі болып келеді. Онымен қоса, бойдақ ер зейнеткер — аз тұтынады, мемлекеттік бюджеттен пенсия алып шығын әкеледі және салық төлемейді,
дейді ол.
Бұл тұрғыдан алғанда, некенің азаюы болашақта экономикалық проблемалар әкелетіні анық дегенді айтады экономист.