Биылғы жылғы іріктеудің екінші легінде стипендия 84 қазақстандыққа тағайындалды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Биыл 31 тамызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында стипендияларды тағайындау туралы шешім қабылданды.
Іріктеудің екінші легінде стипендияны 84 адам алатын болды. Оның ішінде 78 адам магистратураға, 6 адам әлемнің үздік жоғары оқу орындарының докторантурасына түсті,
делінген хабарламада.
Биыл «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер», «Биотехнология. Биоинженерия. Биомедицина. Биохимия», «Көлік технологиялары. Көлік инженериясы. Логистика», «Білім беру саласындағы басқару», «Үлкен деректерді талдау. Салалар бойынша предиктивті талдау» және тағы басқа мамандықтарға сұраныс көп болды.
«Болашақ» стипендиясын тағайындауға үміткерлерді іріктеу бойынша конкурс жылына үш рет өтеді. Қорытынды шілде, тамыз және желтоқсан айларында шығарылады.
Жалпы алғанда, 2022 жылы магистратура мен резидентураға 385 стипендия, докторантураға 60 стипендия, тағылымдамадан өтуге 110 стипендия бөлінген.