Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болашақта сұранысқа ие болатын бес мамандықты айтты. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.
Бірінші — ақпараттық технологияға байланысты мамандықтар. Оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік, яғни ақпаратпен жұмыс істейтін инженерлер.
Екінші — мұғалімдер. Министрдің айтуынша, елімізде үлкен демографиялық өсу байқалады. Сондықтан мектеп көп салынады. Оған 120 мыңға жуық мұғалім даярлау керек.
Үшінші — медицина қызметкерлері. Саясат Нұрбектің сөзінше, пандемия эпидемиология, вирусология, микробиология саласында мамандар тапшы екенін көрсетті.
Төртінші – көлік және тасымалдау. Жаһандану заманында осы саладағы мамандықтарға сұраныс жоғары болады.
Бесіншісі — ауылшаруашылық саласы. Министрдің айтуынша, кейінгі 12 жылда дүниежүзіндегі халық саны 8 миллиардқа жетті. Ал адамдар күніне үш рет тамақтанады. Сондықтан ауыл шаруашылығы, оның ішінде агроном, ветеринар, өсімдіктерді қорғау, генетиктер еңбек нарығына қажет.
Оған қоса министр алдағы 3-5 жылда 200-ден астам жаңа мамандық пайда болатынын айтады.