Кәсіпкер сотта өз кінәсін мойындамайтынын айтты.
Астанада Сарыарқа ауданының No2 аудандық сотында Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы жалғасты. Қылмыстық іс «АзияГазЧунджа» ЖШС құрылтайшысы Роман Наханов пен «Qazaq Gaz» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзаққа да қатысты қаралды.
Судьяның сұрағына жауап берген Боранбаев өзін не себепті айыптағанын түсінбейтінін айтты.
Мен өз кінәмді толық мойындамаймын. Өйткені, тағылған айыптың мәні түсініксіз. Ол өте әлсіз,
деді Боранбаев.
Тағы екі айыпталушы да өз кінәларын мойындамайды.
Сонымен қатар, Қайрат Боранбаев елден қашпақ болған кезінде ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Бұл — қате ақпарат. Сол кезде мен жиналыста едім, әдеттегі жұмыс күнім болатын, сағат 5-те мені қамауға алды. Түнде Ригаға ұшуды жоспарладым, ол жақта да жобам бар. Барлық құжатты тапсырдық, бұл жоспарлы сапар болды. Мен неге қашуым керек? Мен осында туып-өстім, әкем осында жерленген, анам осында, бизнес те осында. Мен қайда қашамын?!
деді кәсіпкер.