Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша сот процессі жалғасып жатыр. Енді куәгерлер айғақ бере бастады. Бұл ретте Луи Виттон және Хайвилл компаниялары өкілдерінің айтқан сөздеріне ерекше құлақ асқан жөн.
Айыптаушы тараптың мәліметінше, Боранбаев 2020 жылдың жазында люкс дүкеннен құны 50 миллион теңге тұратын бильярд үстелі мен 25,4 млн теңгеге үстел футболын сатып алған.
Шамамен дәл осы уақыт аралығында аталмыш іс бойынша айыпталушы Роман Нахановтың туыстары «Хайвилл Қазақстан» компаниясының құрылысы аяқталмаған 5 пәтерін 99 810 596 теңгеге сатып алу туралы келісімге қол қойған.
Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов «газ ісі» бойынша сотталып жатыр. Олармен қоса осы іске қатысы бар тағы бір айыпталушыға 14,5 миллиард теңгені жымқырды деген айып тағылған. Алайда олар өз кінәсін мойындайтын емес.
Жақында Боранбаевтың адвокаты оны үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш жасаған еді, бірақ сот оған рұқсат бермеді. Қамаудан ешкім босатылмайды.