Кәсіпкер Қайрат Боранбаев бостандыққа шыққаннан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялап, оны қолдаған дүйім жұртқа алғыс білдірді.
Әріптестерім, достарым және серіктестерім. Кеше үйіме оралдым, отбасым мен достарыммен қайта қауышқаныма қуаныштымын. Осы айларда мені қолдаған әрқайсыңызға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Мені қолдау үшін жасалған әрбір бастаманы, маған айтылған әрбір жылы лебізді біліп отырдым. Айналамда адал, мейірімді және шынайы жандар барына тағы да көз жеткіздім,
делінген жазбада.
Кәсіпкер өзінің «Алмалы» холдингінінің қызметкерлеріне қиын сәтте қолдағандары үшін бөлек алғыс білдіріп, холдингтің әріқарай жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.
Еске салсақ, Қайрат Боранбаев мемлекет мүлкін жымқырғаны үшін мүлкі тәркіленіп, алты жылға бас бостандығынан айырылды. Қазан айында сот Боранбаевтың өтінішін қанағаттандырып, жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстырған болатын. Боранбаев екі жыл төрт айдан астам түрмеде отырды.