Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бастаған депутаттар ақпараттық қауіпсіздік, жалған ақпарат тарату мәселесін көтеріп, Бас прокуратураға сауал жолдады.
Оның айтуынша, қазіргі кезде әлеуметтік желі арқылы жалдамалы боттар көпшіліктің санасына әсер етіп жатыр. Сондықтан депутаттар «шеттен қаржылық қолдау алатын анонимді ақпарат таратушылардың жеке басын анықтау керек» деп есептейді.
Түрлі блогер мен есім-сойын жасырған әртүрлі аккаунт, жең ұшынан жалғасқан боттар елдің тынышын қашырып, алауыздықтың шоғын үрлеп, жалған мәліметтермен елдің құлағын көтеріп, мемлекеттің ішкі тұрақтылығын шайқалтуға мүдделі ниетіне қасқыр шапқандар да жоқ емес,
деді Жанарбек Әшімжан.
Депутаттардың пайымдауынша, желіде миллиондаған жазылушысы бар блогерлер мен интернет ресурстардың ақпарат тарату кезінде жауапкершілікті ұмытпауы маңызды.
Ел ішін алатайдай бүлдіріп, бөлшектеуге, алауыздықты қоздыруға, жалған ақпарат таратуға жасалған әрбір қадамға құқықтық тұрғыдан қатаң баға берілу керек. Мұндай фейк ақпараттар бірінші кезекте қоғамды тұрақсыздандырып, жанжалды арттырып, мемлекеттік аппараттың қалыпты жұмыс ырғағын бұзуға, елдің тынышын қашыруға бағытталатыны даусыз. Отандық ақпараттық өріске шабуылды ұйымдастыру механизмін типтік деп айтуға болады. Негізінен жалған ақпараттар ең алдымен түбі күмәнді ресурстарда пайда болады, олар негізінен Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан. Іле-шала фейктер барлық ақпараттық пабликтерде және блогерлер мен анонимді телеграмм-арналар арқылы жаңа медиада көрсетіледі. Мұндай схеманы жақсы қаржылық қолдаусыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан түрлі жолдармен елдің ішіне еріткі салуға бағытталған мұндай жобалардың артында Храпунов, Әблязов секілді мысықтілеулер, кешегі «Қаңтар қасіретінде» халықтың қалқасында тұрып Тәуелсіздіктің тамырына тас атқан ниеті бұзық реваншистік топтардың тұрғаны анық,
деді депутат.
Ал ақпаратты тұтынып отырған қарапайым халық оның рас-өтірігін тексерместен таныстары мен туыстарына таратады. Осы ретте шенеуніктер «ақпараттық кеңістіктің шынайылығын тұрақтандыру» мақсатында бірнеше қадам жасауды ұсынды.
Олар:
1. Уәкілетті органдар кез келген мәселеге сәтінде құқықтық баға беріп, қоғамды, елді шынайы ақпараттармен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, заманауи технологиялар үшін түбі шикі, шеттен қаржылық қолдау алатын анонимдердің жеке басын анықтап, арандатушылардың іс-әрекетіне ашық түрде баға беру қажет.
2. Мемлекеттік органдар ақпарат береді, бірақ оның жиілігі, ең бастысы таралу жылдамдығы жоғарыда сипатталған схемамен салыстыруға келмейді. Сондықтан ел Тәуелсіздігі мен мемлекеттің тұрақтылығын, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін БАҚ-тардың жұмысын кәсіби деңгейде ұйымдастыру керек.