Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Биыл жағдайын қиын болуы мүмкін» деген болжамына қарамастан, экономика сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, биыл еліміздің экономикасы өседі. Болжауынша 2,7%-ға. Үшінші тоқсан өңдеу өнеркәсібі бойынша құлау болмағанда 3% өсім болар еді.
Басты көзір — мұнай
Ұлттық экономика министрлігі мен Дүнижүзілік банктың болжауынша 2023 жылы экономикамыз 4 пайызға артады. Ал Халықаралық валюта қоры тіпті 4,4% өсесіздер деп отыр,
дейді Олжаев.
Бұдан кейін сарапшы бұл ненің есебінен болатынын түсіндірді.
Келесі жылы, Энергетика министрлігінің жоспарына сай, 90 млн тонна мұнай өндіреміз. Оның 71 миллионы экспортқа кетеді. 19 миллион тонна мұнайдан ішкі нарыққа керек бензин, дизель, мазут жасаймыз. 71 миллион тонна — 525,4 миллион баррель мұнай.
Goldman Sachs келесі жылы Brent бағасы орта есеппен барреліне 90 доллардың айналасында жүреді деп топшылаған. Біз көбірек сататын CPC Blend сорты Brent-кe барреліне 4-5 доллар дисконтпен жүреді. Яғни, біз өз мұнайымыздың әр барреліне 85 доллардан көреміз. Сонда бір жылда сатылатын қазақ мұнайының ақшалай бағасы — 44,6 миллиард доллар,
дейді ол.
Алайда, сарапшы, бұл біздің ақша емес екенін айтады. 90-шы жылдарда жасалған келісімшарттар бойынша, түсім халықаралық консорциумдардың акционерлері арасында бөлінеді.
Таза Қазақстанға келесі жылы осы 44,6 миллиард доллардың шамамен 20 миллиарды келуі тиіс. Ол 9,3 триллион теңге. Біздің келесі жылғы бюджеттік шығындарымыз 20 триллион теңге екенін ескерсек, демек барлық шығындарымыздың тең жартысын осы мұнайдың табысы жауып отыр. Сәйкесінше, мұнайды көп сатсақ, және оның биржада бағасы жоғары болса — бізде автоматты түрде экономикалық өсім болады,
дейді ол.
Еліміз басқа елдерден көш ілгері
Сондай-ақ, биыл мұнайдан ғана емес, шетелге заңсыз шығарылған ақшаларды қайтара бастауынан да көп ұтады.
2022 жылы Қазақстан елден заңсыз шығарылған 600 миллиард теңгені қайтара алды. 2023 жылы осы жұмыс қарқынды жалғасса, және терең реформалар басталып, бізге халықаралық бизнес келе бастаса мұнайдан бөлек, мүлде басқа бағыттардан түсетін ақша көбейеді. Сол кезде басқа дәуір басталады,
деп сенеді экономист.
Айтуынша, экономикалық процестерді терең түсіне бастаған сайын кез келген шешімнің логикасын білуге болады. Перспективалық тұрғыдан еліміз нашар халде емес. Экономист басқа елдермен салыстырғанда, еліміздің көш ілгері екенін айтады.